ТІРІ АҢЫЗҒА ТАҒЗЫМ: ХРОМТАУДА МАЙДАНГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТІРІ АҢЫЗҒА ТАҒЗЫМ: ХРОМТАУДА МАЙДАНГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Хромтау қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Грецкийге құрмет көрсетілді.

Ардагердің шаңырағына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хат табыстады. Облыс әкімі майдангердің ел алдындағы ерен ерлігіне тоқталып, бейбіт өмір жолындағы жанқиярлығы үшін алғысын білдірді.

Салтанатты шара барысында патриоттық әндер шырқалып, ардагерге арналған өлең жолдары оқылды. Тағылымды кездесуге облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, зиялы қауым, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Василий Иванович Грецкий — Ұлы Отан соғысы жылдарында бірнеше елді азат ету шайқастарына қатысып, ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған майдангер. Оның өмір жолы — кейінгі ұрпақ үшін отансүйгіштік пен ерліктің өнегесі.

Шара соңында жиналғандар ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Жеңіс рухы мәңгі жасай берсін!