
9 мамыр күні «Отан-Ана» монументі алаңында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай майдангерлер рухына тағзым ету және гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов, ардагерлер кеңесінің мүшелері, құқық қорғау органдары мен мекеме басшылары, тыл еңбеккерлері және қала тұрғындары қатысты.
Шара сұрапыл соғыс жылдарында Отан қорғау жолында жанын пида еткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов өз сөзінде Ұлы Жеңістің тарихи маңызына ерекше тоқталды.
– 9 мамыр — біз үшін тек күнтізбедегі мереке емес, бұл — ата-бабаларымыздың теңдессіз ерлігі мен қажырлы еңбегінің символы. Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында қасық қаны қалғанша шайқасқан жауынгерлер мен тылда бел жазбай еңбек еткен аналарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллионнан астам адамның қатысқаны, жүздеген мың қазақстандықтың майдан даласынан оралмағаны атап өтілді. Сондай-ақ Хромтау ауданынан соғысқа аттанған 12 мыңнан астам азаматтың 3165-і туған жерге қайта оралмағаны еске алынды.
Рәсім соңында аудан мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері «Отан-Ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті. Жиналған қауым бейбіт күннің қадірін қастерлеп, ел тыныштығы мен ашық аспан тіледі.