Ұлыстың ұлы күні Хромтауда: дәстүр мен жаңғыру тоғысқан мереке

Ұлыстың ұлы күні Хромтауда: дәстүр мен жаңғыру тоғысқан мереке

Наурыз – табиғаттың түлеп, тіршіліктің жаңаратын, береке мен бірліктің салтанат құратын ұлық мерекесі. Биыл Ұлыстың ұлы күні Хромтау қаласында кең көлемде аталып өтті. Дәстүр бойынша мерекелік шара “Нұр” мешіті алаңында ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мерекенің басында аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді.

Мерекеде тігілген әрбір киіз үй өзіне тән нақышымен безендіріліп, ұлттық дәстүрдің көркем үлгісін көрсетті. Келушілер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен танысып, салт-дәстүрлердің жаңғыруына куә болды.

Аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде Жанар Айжанова өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тартыс, гір тасын көтеру және қол күресінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өз бақтарын сынады.

Мереке барысында Наурыздың басты белгісі – наурыз көже ұсынылып, ұлттық тағамдардан дәм таратылды. Бұл көпшілікті ортақ дастархан басына жинап, татулық пен қонақжайлылықтың үлгісін көрсетті.

Осылайша, Наурыз мейрамы Хромтау өңірінде ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ел бірлігін нығайтқан тағылымды мерекеге айналды.

#DigitalNauryz #Наурыз2026