
Хромтау қаласында 14 наурыз – Көрісу күніне арналған мерекелік шара кең көлемде ұйымдастырылды. Ұлттық дәстүрге негізделген бұл күн – ел арасында татулық пен бауырмалдықты нығайтып, ағайын-туыс пен көрші-қолаңның бір-бірімен қауышып, амандық-саулық тілейтін ізгі мерекесі.
Мерекеге орай қаланың орталық алаңында киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршілікті танытатын көрме қойылды. Шараға жиналған тұрғындарды аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов Көрісу күнімен құттықтап, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналармен көрісіп, елге амандық, жұртқа тыныштық тіледі.
Мерекелік бағдарламаның мазмұны ұлттық нақышта өрбіді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән айтып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, ақ жаулықты аналар мен әжелер де мерекеге белсене қатысып, ән шырқап, би билеп, шараның ажарын аша түсті.
Шара аясында ұлттық спорт түрлерінен қол күрес, арқан тартыс, гір көтеру секілді жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынады. Бұл сайыстар мерекелік жиынға ерекше серпін беріп, тұрғындардың қызығушылығын арттырды.
Көрісу күні – халықтың бірлігін бекемдеп, ұлттың салт-дәстүрін ұлықтайтын тағылымды мереке. Хромтауда өткен мерекелік шара тұрғындарға шаттық сыйлап, Наурыз мейрамының бастауы болған игі күннің мән-маңызын айқындай түсті.