
Хромтау қаласында №20 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты және қызметкерлерге арналған жатақхана қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және жеке құрам қатысты.
Жаңғырту аясында әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар жаңартылды, инженерлік-коммуникациялық жүйелер ауыстырылды, кезекші ауысымның қызмет атқаруына жағдай жақсартылды. Қызметкерлерге арналған жатақхана да жаңартылып, тұрмыстық инфрақұрылым ретке келтірілді.
Рәсім барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық медалімен марапатталды. Сондай-ақ бөлімнің екі қызметкеріне қызметтік пәтер кілттері табысталды. Ақтөбе облысы әкімдігі атынан сала қызметкерлері Алғыс хатпен марапатталды.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
«Хромтау – өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, тәуекел деңгейі бар аумақ. Мұндай жағдайда бөлімшенің жарақтандырылуы мен жеке құрамның дайындығы халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы. Жаңғырту жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтуге бағытталған», – деп атап өтті.
Ресми бөлімнен кейін министр жаңартылған нысандарды аралап көріп, өрт сөндірушілер тұратын жатақханаға барды. Қызметкерлердің тұрмыстық жағдайымен танысты.
Жаңғыртылған бөлімше Хромтау ауданы аумағындағы өндірістік нысандар мен елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.