ХРОМТАУ АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

ХРОМТАУ АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Биыл Хромтау ауданында білім беру саласында бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл туралы аудандық білім бөлімі басшысы Шерхан Отаров Хромтау ауданы әкімдігінің ресми Instagram парақшасында өткен тікелей эфирдегі брифингте баяндады.

Аудан бойынша 27 мектеп (23 орта, оның 14-і шағын жинақты), 19 балабақша (13 мемлекеттік, 6 жекеменшік) және 2 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Барлығы 11 700-ге жуық бала білім алуда, педагогтер саны – 1272. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 2–6 жас аралығында 97%, 3–6 жас аралығында – 100%. Биыл Ақжар (55 орын) және Бөгетсай (72 орын) ауылдарында 2 жаңа балабақша ашылды.

2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 36 түлек «Алтын белгі», 23 оқушы «Үздік аттестат» алды. Бітірушілердің 274-і жоғары оқу орындарына, 78-і арнаулы оқу орындарына түсті. Дарынды оқушылардың ғылыми жобалар мен олимпиадалардағы нәтижелері айтарлықтай жақсарды: «Зерде» конкурсына 324 оқушы 259 жоба ұсынды, аудандық кезеңде 25 І орын, 49 ІІ орын, 69 ІІІ орынға ие болды.

 «Teach for Qazaqstan» жобасы №5 Хромтау гимназиясында іске асырылуда. Жоба педагог тапшылығын азайтуға, білім сапасын арттыруға және халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайды: жаңа пән кабинеттері ашылды (физика, химия, биология, STEM), жөндеу жұмыстары жүргізілді, интерактивті панельдер орнатылды. 24 мектепке спорт алаңдары жаңартылып, жасанды газон төселді, футбол алаңдары салынды. Оқушыларға 405 коньки, 270 шаңғы таратылды.

2026 жылға жоспар: мектепке дейінгі қамтуды арттыру (1–6 жас – 95%, 2–6 жас – 100%), білім сапасын көтеру, педагогтердің кәсіби дамуы, дарынды балаларды қолдау, инклюзивті және қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету.