ХРОМТАУДА ЖЫЛУ, СУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

ХРОМТАУДА ЖЫЛУ, СУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
«Хромтау ТрансЭнерго» ЖШС басшысы Мирхан Бикиев Хромтау ауданы әкімдігінің ресми Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде 2025 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарларды баяндады.

 2025 жылы кәсіпорын 8 694 абонентке жылу, су және кәріз қызметтерін көрсетіп, инженерлік желілерді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді. Ақтөбе облысы әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы Меморандум аясында 700 млн теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде:
• 7,47 км су құбыры жөнделді
• 3,67 км жылу желісі жаңартылды

Сонымен қатар, кәсіпорын өз күштерімен 0,5 км жылу желісін жөндеп, 30 дана ысырма (задвижка) ауыстырды. Бұл жұмыстар жылу беру маусымындағы апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.

Абоненттерден түскен өтінімдер бойынша: жылу, су және кәріз жүйелері бойынша 1 мыңнан астам өтінім тіркеліп, олардың басым бөлігі жедел түрде орындалды.

Дебиторлық берешек мәселесіне де көңіл бөлінді. 2026 жылдың 1 қаңтарына жалпы қарыз көлемі 253,4 млн теңгені құрады. Қарызды азайту мақсатында абоненттерге ескертулер жасалып, төлемдерді өндіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылға жоспар ауқымды: инженерлік желілерді жөндеуге 1 млрд теңге көлемінде қаржы тарту көзделіп отыр. Жоспар бойынша:
• 3,8 км су құбыры
• 5,04 км жылу желісі күрделі жөндеуден өтеді
Сонымен қатар, жылу желілерін жаңарту және қосымша ысырмаларды ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

 Мирхан Бикиев тұрғындарды көпқабатты үйлерде ОСИ немесе кондоминиум құруға белсенді қатысуға және жылыту маусымына дейін ішкі жылу жүйелерін шаю жұмыстарын жүргізуге шақырды. Бұл коммуналдық қызмет сапасын арттыруға және тұрғындар тарапынан түсетін шағымдарды азайтуға мүмкіндік береді.