
Биыл Хромтау ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ренат Сарсенгалиев Хромтау ауданы әкімдігінің ресми Instagram парақшасында өткен тікелей эфирдегі брифинг барысында баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, 2025 жылы аудан аумағында жол қозғалысына қатысты 27 жоба жоспарланып, оның 16-сы толық аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда.
Тұрғын үй саласында 6 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту көзделіп, оның ішінде 5 нысан – Әуезов, Әйтеке би, Абай, Жұбанова және Елкеев көшелеріндегі үйлер пайдалануға қабылданды.
Инженерлік инфрақұрылым бағытында Табантал, Құдықсай және Көктау ауылдарында су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, нысандар толық пайдалануға берілді.
«2025 жылы аудан бойынша 85 шақырым автомобиль жолына асфальт жабындысы төселді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артық көрсеткіш. Жол сапасын арттыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды басымдықтардың бірі», – деді Ренат Сарсенгалиев.
Сонымен қатар, Хромтау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Аталған жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табады.
Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Табантал, Құдықсай және Көктау ауылдарында су құбыры желілерін дамыту жобалары толық іске асырылды. Инженерлік және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
«Басты мақсат – қала мен ауыл тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру. Осы бағытта жол, су, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым салаларында кешенді жұмыстар жүргізілуде», – деп атап өтті бөлім басшысы.
Брифинг барысында 2026 жылға арналған жоспарлар да таныстырылды. Алдағы жылы қалаішілік және ауылішілік жолдарды жөндеу, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту, көпірлерді қайта салу, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, су және кәріз жүйелерін дамыту жұмыстары жоспарланып отыр.