АУДАННЫҢ МЕДИЦИНА САЛАСЫ ЖАҢА КӨЛІКТЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

АУДАННЫҢ МЕДИЦИНА САЛАСЫ ЖАҢА КӨЛІКТЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Аймақ басшысының қолдауымен Хромтау ауданының денсаулық сақтау саласына 4 жаңа JAC M4 жедел жәрдем көлігі табысталды.

Жаңа көліктердің кілтін аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов табыстады.
Хромтау ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық саласына басымдық беру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Көлік кілтін табыстау барысында аудан әкімі:
«Денсаулық саласы – өңір дамуының негізгі бағыты. Президент жаңа жылдық құттықтауында денсаулық сақтау жүйесіне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы тапсырмаға сәйкес, облыс әкімі Асхат Берлешұлының қолдауымен біз шұғыл медициналық қызметті кезең-кезеңмен күшейтіп жатырмыз. Алғашқы нақты қадамның бірі – осы жаңа 4 автокөліктің алынуы. Көліктер ауылдық аймақтардағы медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, тұрғындарға қолайлы әрі жедел қызмет ұсынуға бағытталады», – деді.


Аудандық орталық аурухана басшысы Берік Жаржанов медицина қызметкерлері атынан облыс басшылығына алғысын білдірді:
«Облыс әкімінің қолдауы медицина саласын нығайтуға тың серпін берді. Жедел жәрдем қызметін жаңарту – ауыл тұрғындары үшін маңызды шешім. Ұжым атынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Ол.


Көліктер шұғыл медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, ауылдық мобильді медициналық топтардың жұмысын күшейтуге арналған.

Хромтау аудандық орталық ауруханасы аудан аумағындағы мемлекеттік медициналық қызмет көрсететін негізгі ұйым болып табылады. Аурухана шұғыл көмек, стационарлық және амбулаторлық қызмет түрлерін ұсынады. Медициналық қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және кадрлық әлеуетті күшейту – мекеменің стратегиялық бағыттары.