СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ХРОМТАУДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЗЕРДЕЛЕДІ

СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ХРОМТАУДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЗЕРДЕЛЕДІ
7 қаңтарда Сенат депутаты Амангелді Нұғманов Хромтау ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапардың мақсаты – өңірдегі стратегиялық инвестициялық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының іске асу барысын бағамдау.

Депутат ең алдымен Табантал ауылдық округінде салынып жатқан қуаты 100 МВт жел электр станциясының құрылысымен танысты. Жобаны «Darmen Shuak» және «Next Green Energy» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан 2026 жылы іске қосылып, жылына 331 мың тонна СО₂ шығарындыларының алдын алады және 13 тұрақты жұмыс орнын құрады.

Келесі кезекте депутат Ақжар ауылдық округі, Жазық бекетінде салынып жатқан 60 орындық заманауи мектептің құрылысын аралады. Нысанның жалпы ауданы – 1027,3 м², жоба құны – 806,5 млн теңге, құрылыс жұмыстары 2024–2025 жылдары жүргізілуде. Депутат жаңа жабдықтармен қамтылуын жоғары бағалап, «балалар қуана әрі жайлы жағдайда білім алады» деп атап өтті.

Сонымен қатар, «АКМЭЗ» ЖШС май зауытының өндірісті кеңейту барысы таныстырылды. Кәсіпорын 2019 жылы іске қосылған, тәуліктік өңдеу қуатын 150 тоннадан 350 тоннаға дейін ұлғайтып, жылына 45 мың тонна шикізат өңдейді. Дайын өнімдер – сұйық май және шрот. Экспорт бағыттары – Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және Ауғанстан. Бұл жоба өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтуге ықпал етіп отыр.

Жол инфрақұрылымы бойынша депутат М-32 «Самара – Шымкент» автожолының 28 км қайта жаңартылған бөлігін тексерді. Жоба «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС мердігерлігімен, халықаралық ISO стандарттарына сай жүргізілуде. Құрылысқа 2000-нан астам жұмысшы, 400-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Жобаның толық аяқталуы 2028 жылдың 27 сәуіріне жоспарланған. Депутат сапалы жол құрылысы – тұрғындар мен өңір экономикасы үшін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті.
 
Сенат депутаты Амангелді Нұғманов Хромтау қаласында ERG компаниялар тобы салған 400 орындық Мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Ғимаратта көрермен залы, дайындық және би залдары, дәріс аудиториялары, буфет және шығармашылық кабинеттер бар. Депутат балалар мен жасөспірімдердің қуана әрі қауіпсіз жағдайда білім алуына және мәдени дамуына жағдай жасайтын нысан екенін атап өтті.

Сонымен қатар, депутат 435 орындық Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің мүмкіндіктерін қарады. «Бабек Құрылыс» ЖШС салған спорт нысаны 4149,78 м² аумақта, 2 қабатты, 1,026 гектар жерді қамтиды. Нысан толық қабылданып, халық игілігіне берілген.

Жұмыс сапары барысында Хромтау қаласының орталық қазандығының жұмысы да таныстырылды. Қазандықтың жылу көзі – «Қазхром» ТҰҚ АҚ филиалы «Дөң ТКБК». 6 қазандықтан тұратын нысанның орнатылған қуаты 192 Гкал/сағ, қолда бар қуаты 188 Гкал/сағ. 2020–2023 жылдары күрделі жөндеу жүргізілгенімен, жабдықтардың тозу деңгейі 47–81% аралығында. Жалпы ұзындығы 45,3 км жылу желілерінің магистралдық бөлігінің тозуы 50,5%, орамішілік желілерде 75,8% құрап отыр. Депутат жылу жүйесін жаңғырту қажеттілігін ерекше атап өтті.

Хромтау ауданы энергетика, жол, білім, мәдениет және спорт салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі ретінде дамуын жалғастыруда. Сенат депутаты әр нысанның стратегиялық маңызын атап, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау – басты міндет екенін жеткізді.