МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АЯСЫНДА ХРОМТАУДА 100-ДЕН АСТАМ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АЯСЫНДА ХРОМТАУДА 100-ДЕН АСТАМ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

Хромтау аудандық Мәдениет орталығында аудан әкімі Нұрхан Жасұланұлының төрағалығымен жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өтті. Іс-шараға аудан прокуроры Қанат Нұрланұлы, Өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Дидар Ержігітұлы, Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмас Сағнадинұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Ақтөбе облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Айнагүл Қуандыққызы және кәсіпкерлік саласының өкілдері қатысты.

Кездесу жергілікті өндірушілер көрмесін аралаудан басталды. Көрме барысында ауданның ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімі мен жобалары қонақтарға таныстырылды.

Одан әрі ресми бөлімде ауданның өнеркәсіп, инвестиция және шағын-орта бизнес салалары бойынша 11 айлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жарияланды.

Іс-шара барысында кәсіпкерлер мен компаниялар «Хромтау ауданының 90 жыл» медалімен, аудан әкімінің алғыс хатымен және Өңірлік кәсіпкерлік палатасының алғыс хаттарымен марапатталды.

2025 жылдың 11 айындағы негізгі көрсеткіштер:
• Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 653,1 млрд теңге, өсім 82,6 млрд теңге;
• Негізгі капиталға инвестиция – 274,1 млрд теңге (+58,7 млрд теңге), оның 111,5 млрд теңгесі (40%+) – шетелдік инвестиция;
• Тіркелген ШОБ субъектілері – 3 259 бірлік (+54), жұмыс істеп тұрғандары – 3 140 бірлік (+74).

Ауданда іске қосылған ірі инвестициялық жобалар:
• 18,8 млрд теңге инвестициямен ERG Green флотациялық учаскесі (қуаты – 275,5 мың тонна/жыл);
• 700 млн теңгеден астам инвестициямен «Алишер» қонақ үй кешені (20+ жұмыс орны);
• 75 млрд теңге инвестициямен 150 МВт қуатты «Хромтау» жел электр станциясы (жылына 500 мың тонна CO₂ шығарындыларының алдын алады).

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелері:
• 104 жобаға 4,3 млрд теңге қолдау көрсетілді;
• «Өркен» өңірлік бағдарламасы арқылы 71 жобаға 800 млн теңге жеңілдетілген несие берілді;
• ШОБ үшін оңтайландырылған салық режимі 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді;
• «Заң және тәртіп» акциясы аясында әкім мен прокурордың қатысуымен 6 кездесу өтіп, 40-қа жуық мәселе бойынша заңды түсіндіру немесе нақты шешім ұсынылды.

Кездесу соңында кәсіпкерлер тарапынан көтерілген сұрақтарға мемлекеттік органдар өкілдері жауап беріп, ұсыныстар мен түсіндірулер берді. Іс-шара мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы жүйелі диалогтың және кәсіпкерлік ортаны дамытуға бағытталған жұмыстың жалғасы ретінде бағаланды.