⚽️ Хромтауда FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған жаңа футбол алаңы ашылды

⚽️ Хромтауда FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған жаңа футбол алаңы ашылды

Республика күні қарсаңында Хромтау қаласында халықаралық FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған футбол алаңының ресми ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, жас футболшылар мен спорт жанкүйерлері қатысты.

🎤 Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының спортты қолжетімді ету, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі тапсырмалары аясында аудан көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жаңа алаң – сол еңбектің нақты нәтижесі екенін айтты.

Ашылу рәсімінен кейін балалар жаңа алаңда алғашқы жаттығуларын жасап, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лориядан естелік қолтаңба алды.

🏟️ Салтанатты ашылудан соң Давид Лория мен аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов аудан орталығындағы спорттық нысандарды аралап, жаңадан пайдалануға берілген Дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен және «Горняк» стадионының инфрақұрылымымен танысты.

Кездесу соңында аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов ауданның 90 жылдық мерейтойына орай Қазақстан футзал қауымдастығының бас хатшысы Максат Тюмалиевке және Ақтөбе облыстық футбол федерациясының басшысы Асхат Калжановқа естелік медальдар табыстады.

✅ FIFA Arena жобасы – балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, қауіпсіз әрі қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған бастама. Жаңа алаң Хромтау жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, болашақ чемпиондардың алғашқы қадамын бастайтын ордаға айналмақ.