

Бүгін Хромтау қаласында көпшіліктің асыға күтетін дәстүрлі Hromtau Marathon 2025 салтанатты түрде өтті. Биылғы марафон Хромтау ауданының 90 жылдық мерейтойына арналды және аудан тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинап, салауатты өмір салтын насихаттау рухында ұйымдастырылды.
Шараға 400-ден астам қатысушы тіркеліп, әр түрлі жас санатындағы жүгірушілер 3 км, 5 км және 10 км қашықтықтар бойынша өз бақтарын сынады. Ауа райының салқындығына қарамастан, қала тұрғындарының көтеріңкі көңіл күйі мен спортқа деген ынтасы ерекше байқалды.
Марафонның ресми ашылуында аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов қатысушыларды құттықтап, мерейтойлық шараның мәніне тоқталды:
«Құрметті жерлестер, қадірлі жарысқа қатысушылар!
Баршаңызды Хромтау ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған спорттық шараның басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл марафон – тек жарыс емес, бірлігіміздің, жігеріміздің, ортақ рухымыздың көрінісі.
Салауатты өмір салтын қолдап, белсенділік танытып отырған әрбіріңізге сәттілік тілеймін.
Мерейлі 90 жылдық мерекеміз құтты болсын!»
Hromtau Marathon 2025 — Хромтаудың қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға ғана емес, жастар мен бұқараны спортқа баулитын, мақтанышқа айналған дәстүр. Бұл марафон ауданның 90 жылдық тарихын жаңаша тыныспен жалғап, болашаққа бағытталған рухани серпіліс болды.