
🌱”Жасыл ел” еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымы басталды: биыл өңірде 3200 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда
Өңірде “Жасыл ел” еңбек жасақтары мен студенттік құрылыс отрядтарының жастары ХХII еңбек маусымын бастады. Биылғы маусымның басты ерекшелігі – облыстың жұмыссыз жастары жыл бойы жұмыспен қамтылатын болады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында келісімшарт 2 жыл мерзімге созылып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстың Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл өңірде 3200 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Оның ішінде: 2000 жас – көгалдандыру бағыты бойынша; 1200 жас – абаттандыру және студенттік құрылыс отрядтары құрамында еңбек ететін болады.
🗣️”Биылғы жылы жалақы мөлшері 155 000-190 000 аралығын қамтып отыр. Еңбек жасақтарының қатарында 16 мен 35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар, NEET санатындағы жастар жұмыс істейтін болады. Жоба аясында жастар тек еңбекке тартылып қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады” - деді басқарма басшысы.
✅Айта кетейік, наурыз айында 29 жас жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 10 жас - Табиғи ресурстар басқармасы арқылы “Ақтөбе орман шаруашылығы” ММ-сінде және 19 жас - қаламыздың санитарлық тазалығы, құрылыс жасақтары және абаттандыру бойынша жұмыс жасауда.
“Жасыл ел” сарбаздарының көмегімен қаламыздың санитарлық тазалығы бойынша жұмыстар атқарылып тас жолдардың жиегіндегі қураған ағаштарды кесу, талдардың түбін әктеу және тұрмыстық лас қоқыстардан тазарту, жол бойында орналасқан жол белгілерін сырлау, қала көшелерінің жол жиегін қоқыстан тазарту, бордюрларды әктеу жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар, биыл көгалдандыру жасақтарының көмегімен Мағаджан тәлімбағында қарағаш, шаған, ақтал, қарақат, жиде т.б ағаш тұқымдары егіліп, жазғы маусым бойы суарып, тазалау жұмыстары жүргізіледі.