Ақтөбе облысында 6 мыңға жуық бала тегін спорттық секциялармен қамтылған
Ақтөбе облысында бүгінде 81 спорт түрі дамытылады: 31 олимпиадалық, 40 олимпиадалық емес, 10 ұлттық. Аталмыш спорт түрлерімен өңірде 3 жастан 18 жасқа дейінгі 200 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер шұғылдануда.
Облыс бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасымен 5 жастан 17 жасқа дейінгі балалар қамтылған. Қазір өңірде 5974 бала спорттың 24 түрі бойынша секцияларға тегін қатысып жүр. 2025 жылы мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Ақтөбе облысында бүгінгі таңда 22 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 10 нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өз кезегінде қосымша спорт секцияларының ашылуына және қатысушылар санының артуына септігін тигізбек.
Өңірде ауыл спортын дамыту бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Атап айтсақ, ауыл спортшыларының шеберліктерін жетілдіру мақсатында «Бейбарыс» спорт кешені базасында ай сайын 85-100 бала қамтылатын олимпиадалық спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындары өткізіліп келеді.
Сонымен қатар биыл балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін бассейндерде жүзуге үйрету курстары ұйымдастырылмақ. Бұл бастама аясында 1000-ға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек жаз мезгілінде спорттық лагерьлер жұмыс істейді деп күтілуде.