Ақтөбеде туа біткен жүрек аурулары бар 8 балаға күрделі ота жасалды

Ақтөбеде туа біткен жүрек аурулары бар 8 балаға күрделі ота жасалды

Ақтөбеде туа біткен жүрек аурулары бар 8 балаға күрделі ота жасалды

Ақтөбе облысының көпсалалы балалар ауруханасында балалардағы туа біткен жүрек ақауларын кардиохирургиялық түзету бойынша Беларусь кардиохирургтарының қатысуымен шеберлік сабақтары өтті. Онда ақтөбелік балалар кардиохирургтары шетелдік мамандармен бірлесіп, туа біткен ауыр жүрек ақаулары бар 8 балаға жоғары технологиялық күрделі операциялар жасады. Сонымен қатар кардиолог дәрігерлерге, реаниматолог-анестезиологтарға арналған оқыту семинарлары өткізілді.

"Біздің облысқа келген балалар кардиохирургтары командасының құрамында Беларусь Республикасының жетекші мамандары бар. Олар ақтөбелік кардиологтармен бірлесіп әр қайсысы 8-9 сағатқа созылған күрделі оталарды жүргізді. Жүрек ақауы бар 8 балаға ота жасалды, олардың екеуі Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан келген. Операция жасалған балалардың арасында 1 жасқа толмаған нәрестеде болды" - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажғалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Шеберлік сабақттары аясында облыстық көпсалалы балалар ауруханасының консультативтік – диагностикалық бөлімшесінде жүрек ақауы бар 35 балаға консультациялық тексерулер жүргізілген. Атап өтейік, бұл маңызды іс-шара Қазақстан Республикасының балалар кардиохирургия қызметінің 10 жылдығы қарсаңында «Жұлдызай» корпоративтік қорының қайырымдылық қызметі аясында жүзеге асты. Қор 10 жыл бойы «Mumkindik» жобасы аясында денсаулық сақтау саласының түрлі бағыттары бойынша ауқымды шеберлік сабақтарын ұйымдастырып келеді. Аталмыш қордың басшысы Ұлжалғас Мұхамбетова Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімі еліміздің батыс аймағына қызмет көрсетіп отырған бірегей орталық екенін атап өтті. Мұнда көршілес Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарынан келген пациенттердің де ем алуына барлық жағдай жасалған.