
Облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен жиында Ақтөбе қаласын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылым дамыту мәселелері қаралды.
Қала әкімі Азамат Бекет облыс орталығын дамыту жобасын таныстырды. Жоба аясында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, аулаларды жаңғырту, жаңа демалыс аймақтарын құру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде экологиялық бастамаларды іске асыру көзделген.
Сонымен қатар құжатта инженерлік инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде тұрғын алаптарды сумен, газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, жол желісін жақсарту және көлік қолжетімділігін арттыру бойынша жоспарлар қамтылды.
Жиында Азамат Бекет 28 наурыздан бері өткізіліп жатқан санитарлық тазалық екіайлығының барысы туралы баяндады. Осы уақыт ішінде бес жалпықалалық сенбілік өтіп, оған 14 мыңнан астам адам қатысқан. 15 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 120 арнайы техника жұмылдырылды. Көгалдандыру аясында 4 мыңнан астам ағаш отырғызылып, қосымша «Қазхром» ТҰК» АҚ-мен бірге тағы 2 мың көшет отырғызу жоспарланған.
Қала әкімі тазалық мәдениетін қалыптастыру мен тұрғындарды тартуға баса назар аударылып отырғанын алға тартты. Осы мақсатта аулалар мен тұрғын аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Менің Ақтөбем» байқауы басталып, оған тұрғындар, кәсіпорындар мен коммуналдық қызметтер белсенді қатысуда.
«Экологиялық бастамалар аясында Қарғалы өзені бойында 8 гектар аумақта экологиялық парк құру жобасы жүзеге асырылуда. Биыл бизнес пен әлеуметтік серіктестердің қолдауымен кемінде 26 сквер мен аллеяны заманауи демалыс аймақтарына айналдыру жоспарланып отыр»,
– деді қала әкімі.
Сонымен қатар «Мәңгілік алау» монументі, «Қазпошта» ғимараты, Мәңгілік Ел көшесі, Тұрғындар қалашығы, теміржол вокзалының маңы және қаланың басқа да бөліктеріндегі аумақтарды жаңарту жұмыстары сөз болды. Жаңа қоғамдық кеңістіктер кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Жиында инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды. Қала әкімі тұрғын алаптарды ауыз су, газ және электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.
Қазіргі таңда 39 тұрғын алапта ауызсу бар. Биыл су құбыры желілерін салуға шамамен 2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар Жаңақоныс-5, Рауан-2 және басқа да аумақтарда жұмыстар жүргізілуде.
Газ және электрмен қамту бойынша Сазды-3, Жаңаауыл-3 және өзге де тұрғын алаптарда жобалар іске асырылуда. Олар аяқталғаннан кейін 54 тұрғын алап толық газбен қамтылады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта 49 тұрғын алап электрмен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге «Батыс» шағын ауданында жаңа қосалқы станция салу жұмыстары жүргізілуде.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлінуде. Биыл жалпы құны 37 млрд теңгеден асатын 24 өтпелі жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 15,9 млрд теңгеге 18 көшені жөндеу бойынша жаңа жобалар әзірленген.