Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылы жаңа жылды көгілдір отынмен қарсы алды, ал Бестамақ ауылы сумен қамтылды

Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылы жаңа жылды көгілдір отынмен қарсы алды, ал Бестамақ ауылы сумен қамтылды

31 желтоқсан күні Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Қаратал ауылына табиғи газ беру салтанатты шарасы өтті. 1400-дей адам көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл мақсатқа мемлекет 457 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
Жыл басында облысымыздағы 323 елдімекеннің 126-сы газбен қамтылған болатын. Ағымдағы жылы 9 ауылды газдандыру жоспарланса, алайда бұл көрсеткішті артығымен орындап, Жаңа жыл қарсаңында 16-шы ауыл көгілдір отынмен қамтылды. Нәтижесінде 146 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізді.
Бұдан бөлек, сол күні Ойыл ауданында Бестамақ ауылының 220-дан астам тұрғынын орталықтандырылған сумен қамтитын сумен жабдықтау жүйесі пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға 241 млн теңгедей бюджет қаражаты бөлінген.
Ойыл ауданында барлығы 22 елдімекен бар, оның жиырмасы сапалы сумен қамтылған. Соның ішінде биыл 200 адамнан аспайтын халқы бар бес ауылға қосымша қаражат есебінен су тазартатын кешенді блок-модуль орнатылды. Қалған екі ауыл - Қарасу мен Шұбаршиді сумен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.