Ақтөбеде көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Ақтөбеде көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Ақтөбеде бүгін 14 отбасы баспаналы болды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар үшін барлығы 54 пәтер сатып алынған. Конституция күніне орай баспана кезегінде тұрған 14 көпбалалы отбасына Нұр-Ақтөбе тұрғын үй алабынан пәтер кілті табысталды. Ақтөбеліктерді облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтады. «Ақтөбеде 24 мыңдай отбасы баспана кезегінде, тағы 145 мыңдай жерлесіміз жеке тұрғын үй салатын жер кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жылдан жылға баспана мәселесін шешу шаралары қабылданып жатыр. Біздің проблемамызды ешкім сырттан келіп шешіп бермейтінін түсінуіміз керек. Мұны біз өзіміз тек еңбекпен, шыдамдылықпен және бірлікпен істей аламыз»,- деді облыс әкімі. Оңдасын Оразалин сондай-ақ, Нұр-Ақтөбе тұрғын үй алабының үшінші шағын ауданындағы құрылыстың жоспарымен танысты. Бүгінде үшінші шағын ауданда 180 пәтер салынған. Жалпы ауданы 68,8 мың шаршы метр болатын мың пәтер болады. Жуырда мұнда 320 орындық балабақша мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызуға кіріседі.