
Әйтеке би ауданында халық сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілді
Әйтеке би ауданындағы барлық елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. Жабасақ ауылдық округіне қарасты Аққұм ауылында орталықтандырылған су жүйесінің іске қосылуымен аудан халқының 100 пайызы таза ауызсуға қол жеткізді.
Аққұм ауылында су құбырының құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаны іске асыру барысында мердігер ұйым тарапынан қиындықтар туындап, жұмыстар уақытша тоқтатылды. Кейін мердігер ауыстырылып, құрылыс жұмыстары қайта жалғасып, толық аяқталды. Жобаны іске асыруға 168 миллион теңге бағытталды.
Жүйе іске қосылғанға дейін ауыл тұрғындары құдық суын пайдаланып, суды үйлеріне өздері тасымалдаған. Бұл, әсіресе, егде жастағы тұрғындар үшін күнделікті тұрмыста қосымша қиындықтар туғызып келді.
Нысанның іске қосылуына арналған салтанатты шараға Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, ауыл тұрғындары және мердігер ұйымның өкілдері қатысты.
Бүгінде Әйтеке би ауданында 27 елді мекен бар. Оның 22-сінде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі жұмыс істейді, ал бес елді мекенде суды сүзгіден өткізетін модульдік кешендер орнатылған. Осылайша, ауданның барлық елді мекені сапалы ауыз суға қол жеткізіп, халықты қамту деңгейі 100 пайызға жетті.
Ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру тапсырмасы аясындағы негізгі міндеттердің бірі.