
24 мамыр күні Ақтөбе қаласы дәм мен дәстүрге толы мереке ортасына айналады. Қаладағы «Астана» саябағында «Ақтөбе – тарының астанасы» атты ауқымды гастрофестиваль өтеді.
Келуші қонақтарды таңғы 11:00-ден бастап ұлттық рух пен хош иіске толы атмосфера күтпек. Күн бойы жалғасатын мереке кешкі 17:00-ге дейін Ақтөбенің аграрлық дәстүрі мен заманауи гастрономиялық мүмкіндігін тоғыстырады. Сонымен қатар, «Әнім сенсің – Ақтөбе» этнофестивалі де мерекенің көркін аша түседі.
Фестиваль алаңында тарыдан әзірленген 50-ден астам тағам түрі ұсынылады. Дәстүрлі ұлттық ас мәзірі жәрмеңкесі, шоколадты жент дайындау шеберлік сағаттары, ыстық бауырсақ пен самаурын шайының хош иісі – бәрі де келген қонаққа ерекше әсер сыйлайды.
Ойыл ауданының шеберлері тарыны өңдеудің көне тәсілдерін көзбен көріп, қолмен сезінуге мүмкіндік береді. Ал қолөнер шеберлерінің бұйымдары – тері, киіз, ағаш, жүн және зергерлік өнердің заманауи үйлесімін көрсететін нағыз мәдени көрме болмақ.
Сондай-ақ, фестиваль аясында «Ақтөбе – тарының астанасы» атты ашық дөңгелек үстел өтеді. Мұнда сала мамандары мен сарапшылар тары өсіру дәстүрін жаңғырту, оның тағамдық құндылығын кеңінен насихаттау және өңірдің аграрлық-гастрономиялық әлеуетін дамыту бағыттарын талқылайды.
Кіру тегін.