Велихов ауылына табиғи газ өткізілді

Велихов ауылына табиғи газ өткізілді

Қарғалы ауданының Велихов ауылы тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиға орын алды. 60 үйде 170-тен астам халқы бар ауылға табиғи газ жеткізілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев және облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Айтбаев қатысып, тұрғындармен бірге қуанышты сәтпен бөлісті.

Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ризашылықтарын білдірді.
«Тілегіміз орындалып келеді — суымыз бар, газымыз бар, жарығымыз бар. Барша ағайынға алғысымыз шексіз. Ең бастысы — халқымыз аман, деніміз сау болсын. Ынтымағымыз артып, әр күніміз шаттыққа толы болғай», – деді ауыл ақсақалы Ғалымжан.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі күні аудан халқының 95%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл — мемлекет қолдауының және ауылдық жерлердің тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Алдағы уақытта да аудан бойынша газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болады.