«Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы» ММ, тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Диана Нұрланқызы Қаржаубай мемлекеттік қызметшілер арасында «Заң мен тәртіп сақтаудағы үлесім» атты республикалық эссе байқауының қорытындысы бойынша «Заң мен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін» номинациясының иегері атанды.
Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Заң мен тәртіп сақтаудағы үлесім» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық эссе байқауын ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын білуін, шығармашылық белсенділігін және креативті шығармашылық ойлауын ынталандыру.
Байқауға еліміз бойынша 100-ден астам жұмыс қатысты. Қатысушылар заңдылықтың, этиканың және халыққа қызмет ету принциптерінің мағынасын терең түсінетіндіктерін көрсетті. Олар өз жұмыстарында қызметтік міндеттерін адал атқарудың жеке мысалдарымен, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі бастамалармен және халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі идеялармен бөлісті. Конкурс тәжірибе алмасу алаңына ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактиканы одан әрі жетілдіру және құқықтық сауаттылықты арттыру үшін ынталандыруға айналды.
Конкурсқа түскен жұмыстар қазақ және орыс тілдерінде болғандықтан, жүлделі орындар бөлек қарастырылды. Осылайша, алты жүлдегер анықталды, сондай-ақ 1 қатысушы «Заң мен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз болып анықталды.
Антиплагиат платформасынан өткен жеңімпаздарды заң ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.Шаяхметова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.Әбдірахманова, «Прикаспийская коммунасы» газетінің журналисі С.Новак, «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары А.Базарбаев және Департаменттің превенция басқармасының қызметкерлері құрамындағы қазылар алқасы анықтады.