Ауылдарды дамыту - стратегиялық мақсаттардың бірі

Ауылдарды дамыту - стратегиялық мақсаттардың бірі

Ауыл – Қазақ елінің жүрегі. Қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше.

Бүгінгі күні, облыс аумағында 315 ауыл орналасқан. Ауыл халқы 253 мың адамды немесе өңір халқының 28%-ын құрайды.

Ауылдардың дамуына жағдай жасау — мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады.

Осыған байланысты, облысымыздағы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту басты міндетіміз.

 

I.ОБЛЫС АУЫЛДАРЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМУЫ

Қазіргі таңда, орталықтандырылған ауыз сумен жалпы ауыл халық санының 88,8%-ы (224,9 мың адам) немесе
191 ауылдық елді мекен қамтылған.

Сонымен бірге, көгілдір газбен жалпы ауыл халық санының 91,8%-ы (232,5 мың адам) немесе 118 ауылдық елді мекен қамтылған.

315 ауылдың 227 ауылы немесе 72,1%-ы Интернет желісімен (кең жолақты интернет – 57 ауыл, сымсыз-116 ауыл, спутниктік байланыс және радиорелелік - 54 ауыл) қамтылған.

Бүгінде, халық саны және даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендер денсаулық сақтау және білім беру нысандарымен толық қамтылған.

Облыстың ауылдық елді мекендерінде 281 жалпы білім беретін мектеп және 320 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасауда.

Ауылдарда 279 медициналық мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 8 аурухана, 7 емхана, 68 дәрігерлік амбулатория,
10 фельдшерлік-акушерлік пункт және 186 медициналық пункт бар.

Жалпы, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділігі жоғары деңгейде.

Әрине, мәселесіз ауыл жоқ. Облыстың кейбір ауылдарында шешімі ұзақ жылдарға созылған су, газ және жол мәселелері тұрғындар үшін ауыр тақырыпқа айналған. Одан бөлек, спорт алаңы, балаларға арналған ойын алаңы деген сияқты заман ағымына сай орындар да қажет.

Мұның барлығы уақытпен шешілетін дүние. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілуде.

 

II.МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі ауыл тұрғындары әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту болып табылады.

Ақтөбе облысында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2019 жылы халық саны 29,5 мың адам болатын
3 перспективалы ауылда (Шұбарқұдық, Мәртөк, Бадамша) жалпы құны 1,2 млрд.теңгеге жол құрылысы және әлеуметтік нысандарды жөңдеу бойынша 7 жоба жүзеге асырылды.

2020 жылы халық саны 78 мың адам болатын
13 перспективалы ауылдарда (13 тіректі - Маржанбұлақ, Комсомол, Қарауылкелді, Ырғыз, Бадамша, Мәртөк, Шұбарқұдық, Кенкияқ, Ойыл, Ақжар, Көктау, Бозой және 1 спутник - Шұбарши)
4,2 млрд.теңгеге (РБ – 3,9 млрд. теңге, ЖБ – 0,2 млрд. теңге)
31 жоба жүзеге асырылды.

Мәселен, Ақжар, Қарауылкелді, Шұбарқұдық, Кеңкияқ, Көктау, Ойыл және Шұбарши ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды.

Биыл халық саны 68 мың адам болатын
19 перспективалы ауылда (15 - тірек, 4 - спутник) 3,8 млрд. теңгеге (РБ – 3,4 млрд.тг., ОБ – 0,4 млрд.тг.) 39 жоба іске асыру жоспарлануда, оның ішінде әлеуметтік нысандар - 13 жоба, автомобиль жолдары - 22 жоба, инженерлік инфрақұрылым және қайта салу бойынша - 4 жоба.

Осы жоба аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдар қарқынды дамып келеді. Бұл арнайы жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз.

 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы

ҚР Президент тапсырмасына сәйкес пандемия салдарынан туындаған төтенше жағдай режимінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, отандық бизнеске қолдау көрсету және жұмыс орындарын ашу мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуы басталған болатын.

Былтырғы жылы облыс ауылдық елді мекендерінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауылдардың өзінде (білім беру және денсаулық сақтау нысандар құрылысы, күрделі жөңдеу, қайта жаңарту, жарықтандыру) 2 940 жұмыс орны құрумен 11,6 млрд. тенгеге 126 жоба жүзеге асырылды.

Биылғы жылы ауылдардың өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға
6,9 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша
23 жоба жүзеге асырылады.

Мемлекет тарапынан уақытында қабылданған шаралар облыс тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік берді және өңірдің одан әрі дамуына оң әсерін тигізді.

Сонымен бірге, былтырғы жылы облыс ауылдары инфрақұрылымын дамыту мақсатында басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында («Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту») аясында 16,4 млрд. тенгеге 67 жоба жүзеге асырылды.

Бұдан басқа, білікті мамандарды ауылға тарту мақсатында 2020 жылы «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға әлеуметтік саланың және агроөнеркәсіптік кешеннің 829 маманы тартылды, олардың 69,6% - көтерме жәрдемақы алды (577 адам), 30,4% - тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер алды (252 адам). Аталған шараларға 1 187,7 млн.тг. бөлінді (көтерме жәрдемақы - 234,5 млн. теңге, бюджеттік кредиттер - 953,2 млн. тг.).

Биылғы жылы аталған бағдарлама шеңберінде 759 маманға 1 032,1 млн.тг. қарастырылған, оның ішінде 182 -тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер (797,6 млн.тг.), 577 - көтерме жәрдемақы (234,5 млн.тг.).

Ауылда кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында («Бизнес жол картасы» және «Еңбек») 738 жаңа жұмыс орны құрумен 3,0 млрд. теңгеге 1 179 жоба жүзеге асырылды.

Бұдан басқа, соңғы 2 жыл ішінде облыс ауылдарына кәсіпкерлік саласының өкілдері 1,3 млрд.теңгеден астам қаражатқа 400-ге жуық жоба бойынша көмек көрсетті.

Мысалы, Алға ауданында «Нектар» ӨК Тамды ауылының дәрігерлік амбулаториясы ғимаратын 31 млн.теңгеге күрделі жөндеуден өткізді.

Байғанин ауданы ауылдарында балалар ойын алаңшығы, «Workout» спорт алаңдары және хоккей корты
сияқты жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен бірге, былтырғы жылдан бастап облыстың барлық 135 ауылдық округтерінде бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. 2020 жылы округтердің дербес бюджетіне жалпы 1,1 млрд.теңгедей салықтық түсімдер түсті. Аталған қаражатты жергілікті ауылдық округ әкімдері ауыл көшелерін жарықтандыру, абаттандыру мен көгалдандыру және елді мекен санитариясын қамтамасыз ету сияқты шараларға жұмсалуда.

Қорытындылай келе, еліміздегі төтенше жағдай мен шектеулі шараларға қарамастан, жүйелі жұмыстың нәтижесінде былтырғы жылы облыс ауылдарында 200-ден астам бюджеттік жоба жүзеге асырылды. Мемлекет және облыс әкімдігі тарапынан қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін ауыл халқының сезінетіндігіне сенімім мол.

Облыс ауылдарын дамыту жұмыстары бұдан әрі жалғасатын болады.

 

Сүйінтаева Гүлкасима РамазанқызыАқтөбе облысының экономика

және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы