93 млрд теңге әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталды

93 млрд теңге әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталды

Биыл облыста 87 нысанның құрылысы жүріп жатыр, ал 37 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде 2025 жылы іске асырылуы жоспарланған әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы талқыланды.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, биыл білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау салаларында, сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында және мобилизациялық дайындық, төтенше жағдайлар, мемлекеттік органдар мен инженерлік қорғау бағыттары бойынша 87 нысан салынып жатыр. Құрылыстар Ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджеттер, облыстық резерв және Арнайы мемлекеттік қор қаражаттары есебінен жүргізілуде.

Бүгінгі таңда 35 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 33 нысан тапсырылады. Қалғандары – келесі жылға өтпелі.

«Су тасқынынан зардап шеккен бес ғимаратты қалпына келтіруге баса назар аударылды. 2024 жылы бұл мақсатқа 4,2 млрд теңге, ал 2025 жылы қосымша 1,8 млрд теңге бөлінді, оның 1,2 млрд теңгесі игерілді. Әңгіме ауылдардағы үш балабақша мен екі мектеп жөнінде. Бүгінгі күні  үш нысан  тапсырылды. Жыл соңына дейін Ойыл ауылында 320 орындық мектеп пен 150 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Қазір онда әрлеу жұмыстары, аумақты абаттандыру және жабдық орнату жүргізіліп жатыр», – деді Ержан Мұздыбаев.

Сонымен қатар, биыл 6 проблемалық нысанның құрылысы жалғасуда: Әйтеке би ауданының Т. Жүргенов ауылындағы дене шынықтыру сауықтыру кешені, Қандыағаштағы «Самал» шағынауданында, Ақтөбенің «Шилісай-1» тұрғын алабында және Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында салынып жатқан мектептер, Байғанин ауданы Оймауыт ауылындағы мектеп-балабақша және «Алтын орда» шағынауданындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені. Бұл нысандардың барлығы биыл пайдалануға беріледі, тек Қандыағаштағы мектеп 2026 жылы аяқталады.

Облыс орталығында да драма театр, футбол стадионы және еліміздегі ең ірі спорт кешенінің құрылысы басталды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс сапасы мен мерзімдерін қатаң бақылауды күшейту қажеттігін атап өтіп, қаражаттың уақытылы игерілуін және өтпелі жобалардың қарқынын арттыруды тапсырды.

«Мердігерлер мен жауапты органдар жұмыстың қарқынын күшейтіп, күнделікті бақылауды ұйымдастырып, өз міндеттемелерін бұлжытпай орындауы тиіс. Білім, денсаулық сақтау және спорт басқармалары нысандарды пайдалануға беру бойынша дайындықты жеделдету қажет.
Жабдық сатып алып, кадр мәселесін шешіп, құжаттаманы рәсімдеген жөн. Барлық жұмыс мерзімінен бұрын аяқталуы қажет. Кез келген бұзушылық жеке жауапкершілік тұрғысынан қарастырылатын болады», – деп атап өтті облыс әкімі.