Ақтөбеде жаңа Бюджет кодексі аясында бюджетті жоспарлаудың тиімділігі талқыланды

Ақтөбеде жаңа Бюджет кодексі аясында бюджетті жоспарлаудың тиімділігі талқыланды

Облыс орталығында «Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы аясындағы Бюджеттік қаражатты тиімді жоспарлау» тақырыбында республикалық семинар өтті. Шараның ұйымдастырушысы – Ақтөбе облыстық мәслихаты.

Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен мәслихат төрағалары, тиісті министрліктердің өкілдері, экономика және қаржы басқармаларының басшылары, сарапшылар мен депутаттар қатысты.

Семинарды облыс әкімі Асхат Шахаров ашып, қазіргі заман талаптарына сай бюджеттік қаражатты тек тиімді пайдалану ғана емес, сонымен қатар бюджеттік процестің барлық кезеңінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда бюджеттік қаражаттың ашықтығы, тиімділігі және мақсатты пайдалану аса маңызға ие екенін атап өтті. Әрбір бөлінген ақша халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміз және жұмыстағы басымдықтарымыз. Жаңа Бюджет кодексінде өңірлердің дербестігін арттыруға және қаржылық шешімдер қабылдауда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер енгізілген. Бұл ресурстардың тұрғындардың мүддесіне тиімді және рационалды пайдалануына бағытталған қадам», – деді аймақ басшысы.

Әкімнің айтуынша, мәслихаттар бюджетті бекіту процесінде мемлекеттік басымдықтар мен халықтың нақты қажеттіліктері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуде айырықша рөл атқарады.

Жиында сөз алған «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Төлеубек Мұқашев мәслихаттардың бюджет саясатын жүзеге асырудағы белсенді рөлін, өңірлерді дамытудағы басымдықтарын анықтау маңыздылығын сөз етті.

«Бюджет саясатын жүзеге асыру жергілікті жерлерде мәслихат депутаттарының белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Олар халыққа ең жақын, нақты мәселелерді және тұрғындардың сұраныстарын жақсы біледі, сондықтан өңірдің даму басымдықтарын қалыптастыруда басты рөл атқаруы тиіс. Мәслихаттардың атқарушы билікпен өзара іс-қимылы ерекше маңызға ие. Шешімдер диалог негізінде, тұрғындардың мүддесі ескеріле отырып қабылданған кезде, бюджеттік қаражаттың тиімділігі артады», – деп атап өтті Төлеубек Мұқашев.

Негізгі баяндаманы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Бюджет саясаты департаментінің Бюджет жүйесін дамыту әдістемесі басқармасының басшысы Альфия Алимбаева жасап, жаңа Бюджет кодексіндегі негізгі өзгерістер мен жаңалықтарды егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жаңа құжат бюджетті жоспарлау процесін икемді, ашық және нәтижеге бағыттайды. Негізгі өзгерістердің ішінде өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру, нәтижеге бағытталған бюджетті жоспарлау, салық, бюджет және ақша-несие саясатын байланыстыру, парламенттік және қоғамдық бақылауды күшейту көзделген.

Жауапкершілік мәселелеріне де баса мән берілді: мемлекеттік органдар басшыларының нақты жауапкершілік түрлерінің саны 15-тен 30-ға дейін арттырылған. Сонымен қатар, мониторинг, тиімділікті бағалау және нәтижелерді басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілді.

Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың сөзінше, стратегиялық жоспарлау – бюджеттік процестің негізі. Осы орайда өңірлік стандарттар жүйесінің маңызы зор, ол инфрақұрылымдық қажеттіліктер мен өңірлердің даму деңгейін ескере отырып, бюджетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Семинар барысында қатысушылар бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік механизмдерін қолдану және бюджеттік жобаларды талдауда жасанды интеллектіні қолдану сияқты практикалық мәселелерді талқылады.

Талқылаулардың қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Бюджет кодексінің іске асырылуы қаржылық ағындардың ашықтығын арттыруға, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік беретініне тоқталды.