Қазіргі кезде әлеуметтік және саяси өмірде діни мән-мағынаның эмоционалдық сипаты басымдырақ. Дінмен байланысты сұрақтар жалпы қызығушылық пен ізденісті ғана туғызып қоймай, діни және саяси қақтығыстардың туындауына себеп болып тұр.
Бұл мәселелер идеологиялық тұрғыда да, қоғамдық ортада күнделікті пікір алмасуда белгілі бір ауыр реңмен талқыланады. Олай болса, дін сияқты нәзік тақырыптың соншалықты ауыр болуы дін мен зайырлылықтың, мемлекет пен діни бірлестіктердің, дәстүрлі құндылықтар мен жаңа эпистемалардың арасында жаңа қарым-қатынас тетіктерін қалыптастыруды талап етеді.
Жаңғыру – дәстүрлі қоғамнан замануи қоғамға өтетін әлемдік-тарихи үрдіс. Дін – дәстүрлі қоғамға тән құбылыс, ал жаңғыру дегенде оның ролі қандай? Жаңа сатыға өту деген бұрынғыны түбегейлі теріске шығару дегенді білдіре ме? Әрине, олай емес. Сондықтан жаңғырудың жемісті болуы дәстүрлі және замануи элементтерді үйлесімді игеруге байланысты. Осыдан келіп, дін жаңғыруға жағымды әсер етуі мүмкін, оны тежеп тұруы да ықтимал екендігін білеміз.
Осы ойымызды әр түрлі діндер мысалында қарастырып көрсек. Айталық, протестантизмнің еуропалық мемлекеттер модернизациясындағы ролі зор. Кезінде протестанттық дін тұлғаның діни бостандығын ұран етіп, жалпы буржуазияның еркіндігіне жетеледі. Сол протестанттар Голландия мен Англияда буржуазиялық революцияларды бастаған. Библияның ұлттық тілдерге аударылуы халық кітапханалары мен гимназиялардың қалыптасуына, дамуына әкелді.