
Ақтөбедегі білім беру ұйымдарында Ұлттық кітап күніне орай кең ауқымды іс-шаралар өтті. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Ғылымға апарар жол» атты ашық кездесулер «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» онкүндігімен ұштасқан.
Іс-шаралардың басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, балалар әдебиетінің рухани дамудағы рөлін түсіндіру және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту. Мәселен, №84 орта мектепте өткен әдеби кеште «Яссауидің рухани мұрасы» атты көрме ұйымдастырылып, оқушылар терең рухани құндылықтармен танысты. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушылары «Абай дана, Абай дара» атты танымдық жобасын ұсынып, қазақтың ұлы ақынының шығармашылығын жақсы меңгергенін көрсетті.
Бағдарлама аясында өткен «Ғылым – болашақтың кілті» атты ашық диалог алаңы да қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Оқушылар ғылыми қауымдастық өкілдерімен еркін пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Кештің шығармашылық бөлігінде оқушылар ән айтып, күй орындап, жиынның мазмұнын әсерлі ете түсті.