Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде негізгі бағдарламалардың іске асырылу барысы, өсім көрсеткіштері және кей жобалардың кешеуілдеу себептері сияқты мәселелер талқыланды.
Макроэкономикалық көрсеткіштер мен негізгі бағыттар бойынша даму динамикасы туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Евгений Артыгалиев баяндама жасады.
Мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша өңірдегі экономикалық өсім 104%-ды құрады. Негізгі салалардың барлығында өсім тіркелді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жарты жылда 1 392,5 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артты. Тау-кен өндіру және өңдеу салаларында оң динамика байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 107,3 млрд теңгеге жетіп, 2,9%-ға өсті. Бұл өсім егіншілік пен мал шаруашылығындағы көрсеткіштердің жақсаруымен байланысты.
«2025 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 508,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71,1%-ға артты. Инвестициялардың негізгі бөлігін өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және инфрақұрылымдық жобаларға салынған жеке қаражаттар құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 21,8%-ға өсті, өңірде 376,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл жоспардан артық. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жалғасуда», – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Баяндамашының айтуынша, тауар айналымы 4,2%-ға өсіп, 1 085,2 млрд теңгені құрады. Өсімге көтерме және бөлшек сауда көлемінің артуы себеп. Көлік және логистика қызметтерінің көлемі 266,7 млрд теңгеге жетіп, өңірдің маңызды транзиттік торап ретіндегі мәртебесін дәлелдеді.
Облыс әкімі өңірде экономикалық жағдайдың тұрақты екендігін көрсететін оң динамикаға тоқтала отырып, барлық бағыттар бойынша қарқынды сақтап, күшейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, баяндамашы бірқатар ауданда негізгі көрсеткіштердің орындалмағанын алға тартты. Асхат Шахаров аудан әкімдеріне жұмысты жедел түрде түзетіп, артта қалушылықты жою бойынша жоспарларды ұсынуды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс басшысы салалық басқармаларға Үкімет белгілеген айлық және жылдық жоспарларға қол жеткізу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Өнеркәсіп, сауда және көлік салаларына жіті назар аударуды тапсырды. Бизнеспен өзара байланысты күшейтіп, инвестиция тартуды белсенді жүргізіп, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің тұрақты орындалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
«Әрбір басқарма мен ауданның нәтижесі – бұл жай ғана сандар емес, ол – халықтың өмір сүру деңгейі, билікке деген сенім және облыстың әрі қарай дамуының негізі», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Аппарат мәжілісі барысында бірінші жартыжылдықта бюджет қаражатының игерілу мәселесі де қаралды. Қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиевтің айтуынша, жоспарланған 323,1 млрд теңгенің 95,9%-ы (309,9 млрд теңге) игерілген. Баяндамашы қалған соманың не себепті игерілмей тұрғанын жіпке тізді.
Облыс әкімі қаржылық тәртіпті бақылауды күшейтуді, бюджет әкімшілеріне артта қалушылық себептерін жедел жоюды және ай сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.
«Бюджеттен бөлінген әрбір теңге өңірді дамыту мен халықтың өмірін жақсартуға жұмыс істеуі тиіс. Қаражатты игере алмау, бұл жіберіп алған мүмкіндіктер және маңызды жобалардың жүзеге асуын тежейтіні сөзсіз. Сондықтан, белгіленген мерзімдер, бекітілген жоспарлар және бөлінген қаржы болған жағдайда ешқандай сылтау болмауы тиіс», – деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.