Ақтөбе облысында жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы жастар өңір халқының 28,2%-ын құрайды. Жастармен жұмыстың негізгі тетіктерінің бірі – 14 жастар ресурстық орталығы. Мұнда 92 маман тікелей жастармен жұмыс істейді.
2024 жылы жастарды қолдауға бағытталған бірқатар нәтижелі жобалар іске асты. Атап айтсақ, «Жасыл ел» жобасы аясында 2050 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, «ZHAS PROJECT» жобасы аясында облыс бойынша екі жылдың ішінде 28 жас өзінің әлеуметтік жобасын іске асыруға 1 000 000 теңгеге дейін шағын грант алды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 3 223 жас оқытуға жіберіліп, 220 жас 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.
NEET санатындағы жастармен жұмыс жыл сайын күшейтілуде. Соның нәтижесінде бүгінгі күні аталмыш топтың үлесі 6,1%-ға дейін төмендеп отыр. Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 4828 жас жұмыспен қамтылған. Сөйтіп, жастар арасындағы жұмыссыздық әлдеқайда азайды.
Өңір жастары қолжетімді баспанамен қамту шараларынан да тыс қалмайды. «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында соңғы екі жылда 109 жас баспаналы болды.