Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен қала әкімдігінде өткен жиында қаралды.
Күн тәртібінде қаланың өзекті мәселелері, сондай-ақ оларды шешу жолдары талқыланды. Әсіресе облыс орталығын абаттандыру арқылы қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру жобаларына баса назар аударылды. Сондай-ақ, қала маңындағы жаңа елді мекендерді инфрақұрылым желілерімен қамту жұмыстары, оның ішінде жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үй құрылысы және басқа да шаһар тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар талқыланды.
Қала аумағында 54 тұрғын алап бар. Қазіргі таңда олардың 46-сы электр және газ желілермен, 37-сі су жүйесімен қамтылған. Халықты қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз ету мақсатында, 24 жобаға 13,9 млрд теңге бөлініп отыр. Қала әкімі Азамат Бекет соңғы жылдары бой көтерген тұрғын алаптар мен шағын аудандарға инженерлік желілер тарту мәселесі өзекті болып отырғанын мәлім етті. Себебі, жаңа елді мекендерге тұрғындар қоныстана бастады.
Атап айтсақ, биыл Жаңақоныс-4, Оңтүстік-Батыс, Рауан-2, Сарбаз, Жаңа ауыл-1 елді мекендеріне электр желісін тарту жобалары аяқталатын болады. Ал Сазда-3, Батыс-3 тұрғын алаптарында басталатын жұмыс ауыспалы жоба болуына байланысты, келесі жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, осы жылы Парасат, Шилісай-1,2, Думан, Қарғалы тұрғын алаптарына су желілері және Батыс-3 шағын ауданына кәріз желілері тартылатын болады.
Одан бөлек, Бауырластар - 3,5, Жаңақоныс-3,4 Жаңаауыл-1,2,3, Ақшат-2 жобалары бойынша жер асты су көздерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Ал Ақжар плюс, Рауан-2, Жаңақоныс-4, Жаңа ауыл-1, Оңтүстік-Батыс, Баянауыл-1 және 41 разъезд алаптарында газ желісінің құрылысы аяқталады.
«Қала әкімдігі үшін Президент жариялаған «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық акциясын басшылыққа алу - облыс әкімі қойып отырған ең негізгі талаптардың бірі. Қала тазалығын ұдайы қамтамасыз ету мақсатында тротуарлар мен жолдарды күтіп ұстауға арналған арнайы техника паркі толықтырылуда. Бұл ретте қазіргі таңда лизинг арқылы қосымша 43 дана арнайы техника алу жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл 100 көп қабатты тұрғын үйдің аулалары жөнделеді, қала бойынша 50 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер жолдары (брусчатка) салынып, ағын сулардың алдын алу мақсатында Илецкая, Авиатор және 11 шағын ауданындағы еріген суларға арналған дренаждық жүйелер құрылысының жұмыстары жалғасады. Оған қоса, тұрғындардың жаппай жиналатын Абай саябағында жайлы демалыс ортасын қалыптастыру мақсатында, сол жердегі субұрқақ жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, қала бойынша биыл 19 субұрқақ іске қосылатын болады», - деді қала әкімі.
Тұрғындардың сұранысы бойынша қалада қоғамдық кеңістіктерді дамыту және көбейту бағытындағы жұмыстар атқарылуда.
Бұл бағытта ескі қаланың тарихи орталығы - Пушкин атындағы саябақты қайта жаңғырту бойынша жоба әзірленіп, сараптамаға ұсынылды.
Ал Тәуелсіздік даңғылында ERG компаниясының демеушілігімен тұрғындардың демалуына қолайлы болатын аллея салынуда. Жұмыстар 2024 жылы басталды. Биыл Ә.Молдағұлова даңғылы мен М.Шоқай көшелері арасындағы бөлігі пайдалануға беріледі. Жобаның толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланып отыр.
«Абаттандыру жобаларын кешеуілдетуге болмайды. Биыл жоспарланған жұмыстар уақытылы жүзеге асырылуы тиіс. Қазір біздің қалалық ортаны дамытуға бағыттап отырған жоспарларымызға ірі кәсіпорындар, жанашыр азаматтар - кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуға ниеттеніп отыр. Бұл қуантарлық жағдай. Енді қала басшылығы осы оңтайлы келісімдерді пайдаланып, жұмысты ұйымдастырулары керек», - деген Асхат Шахаров қойылған талапты нықтады.
Айта кетсек, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі 11 бос кеңістікті демеушілер есебінен саябақтар мен шағын скверлер ретінде абаттандыруға кірісті.
М. Мәметова мен Әз-Наурыз көшелерінің қиылысында қазіргі таңда бос жатқан алаңға көлемі 5 мың шаршы метр болатын жаңа сквер салынады. Сәңкібай батыр даңғылы, 52 Б мекенжайы бойынша қазіргі таңда қараусыз бос жатқан жерге көлемі 1 гектар болатын желілік демалыс паркінің құрылысы басталды. Сол сияқты, Есет батыр тұрғын алабындағы №78 мектеп алдындағы бос жатқан 1,5 гектар жер учаскесіне, тұрғындардың сұрауы бойынша жаңа саябақ салынады.
Ал автовокзал аумағындағы 4 мың шаршы метр жер учаскесі субұрқағы бар саябақ болады.
Әбілқайыр хан даңғылында, «Космос» аялдамасының маңындағы көлемі 800 шаршы метр жер учаскесін де кәсіпкер өз қаражатына абаттандырады.
Сонымен қатар, 11-шағын аудандағы «Теңге парк» аумағына балалар және спорт алаңы салынып, шағын саябақ қайта жаңартылады.
Ал Мәңгілік Ел мен Мұстафа Шоқай көшелерінің қиылысында басталған саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Әбілқайр хан даңғылы бойында орналасқан Пацаев ескерткішінің артындағы бос учаскеге жастарға арналған заманауи скейт-парк салынады.
Бұдан бөлек, халыққа тиімді жағдай жасау мақсатында, бюджеттен тыс қаржыландыру есебінен аялдама павильондарын жаңа форматқа ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, жыл соңына дейін қала бойынша 50-ге жуық жаңа жылы аялдама орнатылып, вандализмнен немесе тозудан зардап шеккен 100-ге жуық аялдама жөнделеді.
Ақтөбеде қаланы абаттандыруға бағытталған оңтайлы жобалардың бірі - «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы өміршеңдігін көрсетті. Соңғы жылдары тұрғындар өз таңдауларымен жүзеге асқан жобаларды игіліктеріне пайдаланып отыр. Оның ішінде балалардың ойын алаңдары, спорттық алаңдар, елді мекендерде саябақтар, тротуарлар салынды. Биыл да халық қатысатын бюджет аясында әртүрлі 77 жоба жүзеге асады.
Тұрғындарды баспанамен қамту бағытында да бірқатар жоспарлар назарға алынды. Биыл 13 үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде жыл соңына дейін 8 көпқабатты тұрғын үй мен 140 орындық жатахана құрылыстары аяқталып, 110 мың шаршы метр болатын 1 602 пәтер қолданысқа беріледі.
Жыл соңына дейін Есет батыр тұрғын алабында кітапханасы бар 400 орындық және Жаңақоныс тұрғын алабында 150 орындық Мәдениет үйлері, одан бөлек, 21-ші мектеп алаңында және Жаңақоныс тұрғын алабында дене шынықтыру сауықтыру комплекстері өз жұмыстарын бастайды.
Баяндаушыларды тыңдаған облыс әкімі «Жұмыс нақты, үйлесімді және жүйелі болуы керек. Қаланы дамуы бағытында жұмыстар жоспар күйінде қалмауы керек, оның нәтижелерін тұрғындар көріп, сезінуі тиіс!», - деп жиынды қорытындылады.