
Жаңа жылдан бастап Ақтөбе қаласының Жаңақоныс-2 тұрғын алабында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын бастады.
Мектеп 600 оқушыға шақталған және мектепалды даярлықтан бастап жоғары сыныптарға дейінгі жалпы орта білім берудің барлық деңгейін қамтиды. Қазіргі таңда мұнда 662 оқушы білім алуда, 33 сынып-комплект қалыптастырылған.
Сапалы білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін мектепте 48 оқу кабинеті жұмыс істейді, оның ішінде негізгі пәндер бойынша жабдықталған арнайы кабинеттер бар. Оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамыту мақсатында физика, химия және биология пәндерінің зертханалары жабдықталған. Сонымен қатар информатика, еңбекке баулу сабақтарын өткізуге, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға барлық жағдай жасалған.
Оқушылар үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген заманауи спорт залы бар. Бұдан бөлек, мектепте акт залы, кітапхана және оқу залы жұмыс істейді. Бұл орындарда сабақтармен қатар тәрбиелік, мәдени және сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мектептегі білім беру үдерісін жоғары кәсіби дайындықтан өткен педагогикалық ұжым қамтамасыз етеді. Ұжым құрамында «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы» және «педагог-модератор» біліктілік санатындағы мұғалімдер еңбек етеді. Бұл заманауи білім беру әдістемелерін енгізуге және оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Мектепте педагог-психолог, әлеуметтік педагог, логопед және дефектолог жұмыс істейді, бұл балаларға уақытылы жан-жақты көмек көрсетуге және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға жағдай жасайды.
Жаңақоныс-2 тұрғын алабында жаңа мектептің ашылуы - білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты және «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру жолындағы маңызды қадам. Жоба өскелең ұрпақ үшін жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.