Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдің жас ғалымдары және зерттеушілерімен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша шараларды талқылау және Ақтөбе облысының ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарды әзірлеу.
Асхат Шахаров Мемлекет басшысы өңірлер алдына нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, инновацияларды енгізуге жағдай жасау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, зерттеушілерді қолдау және өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртуға инвестиция тарту.
«Бүгінде экономиканы ғылымсыз дамыту мүмкін емес. Президент биылғы Жолдауындажаңа тәсілдерді талап етіп отыр. Ғалымдарды жай ғана қолдап қоймай, олардың идеяларын нақты өнімдерге айналдырып, бизнес пен өнеркәсіп үшін қажет шешімдер ұсынуымыз керек. Ақтөбеде бұл үшін жақсы әлеует бар – бізде инновацияларды енгізуге дайын ірі кәсіпорындар, дарынды жастар мен мықты жоғары оқу орындары бар», – деді өңір басшысы.
Кездесуге энергетика, экология, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында жобалармен айналысып жүрген жас зерттеушілер қатысты. Олар өндіріс тиімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және жаңартылатын энергетиканы дамытуға бағытталған өз жобаларын таныстырды.
Ғылым мен инновацияны дамыту мақсатында 2024 жылдың қыркүйек айында облыс әкімдігі жанынан Ғылыми кеңес құрылып, оның құрамын облыс әкімі өзі бекітті. Кеңеске 11 жетекші ғалым мүше. Бұл алаң ғылыми-практикалық шешімдер әзірлеуге, жас зерттеушілерді қолдауға және инновацияларды енгізу бағыттарын айқындауға арналған.
Ғылыми кеңестің алғашқы отырыстары 2024 жылы желтоқсанда және 2025 жылы сәуірде облыс әкімінің қатысуымен өтті. Нәтижесінде биотехнология, цифрландыру, экология және өнеркәсіп тиімділігін арттыру салаларында басым бағыттар белгіленді. Аталған жұмыстардың нақты нәтижелерінің бірі – 2025 жылы сәуірде Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университет базасында молекулалық және жасушалық биотехнологиялар зертханасының ашылуы болды.
«Мұндай зертханалардың құрылуы ғылыми әлеуетті арттырып қана қоймай, нақты секторда жұмыс істей алатын жас мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл зерттеулер өңір экономикасына нақты пайда әкелуі тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Алдағы уақытта университет жанындағы Академиялық және зерттеу орталығы аясында экология, агротехнология және цифрлық шешімдерге бағытталған тағы үш заманауи зертхана ашу жоспарланып отыр.
«Біз жоғары оқу орындары жанынан заманауи зертханалар құруды қолдаймыз. Бұл зертханалар тек оқу орындары емес, өңір кәсіпорындарына арналған технологиялар туындайтын өндірістік орталықтарға айналуы тиіс», – деді облыс әкімі.
Бүгінгі кездесу барысында ғылым мен бизнестің ықпалдастығы, ғылыми идеяларды коммерцияландыру және ғылымды қажетсінетін салаларға инвестиция тарту мәселелеріне баса назар аударылды.
Қ. Жұбанов атындағы университеттің коммерцияландыру және стартаптар департаментінің директоры Нұрбек Дүймұхановтың айтуынша, қазіргі таңда университет өңір кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың өндірістік міндеттерін шешуге бағытталған ғылыми әзірлемелер ұсынып отыр.
«Бүгінгі күні 700 миллион теңгеден астам гранттық қаражат тартылып, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған екі жоба сәтті жүзеге асырылуда», – деді ол.
Асхат Шахаров өңір инновацияларды тиімді енгізудің үлгісіне айналуы тиіс екенін алға тартты. Оның айтуынша, ғылыми әлеует пен өндірістік мүмкіндіктерді ұштастыру арқылы өңір білімге негізделген экономикаға көшуге және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.
Кездесу барысында ғылымды қажет ететін салаларға инвестиция тарту мәселесі де қаралды. Ақтөбе облысы жаңа жоғары технологиялық өндірістер мен деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру үшін жағдай жасауда белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Өңірде өнеркәсіп, энергетика және цифрландыру салаларында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
«Біз шикізаттық үлгіден білім экономикасына көшуіміз керек. Бүгінде өңірде терең өңдеу, энергетикалық әлеуетті дамыту және цифрлық шешімдер бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Бұл дегеніміз – кәсіпорындарымызға жаңа технологиялар қажет, ал сол технологияларды беретін – ғылым, – деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі жауапты басқармаларға жас зерттеушілерге қолдау көрсету тетіктерін – гранттар беру мен кәсіпорындарда тағылымдамалар ұйымдастыруға дейін – жан-жақты пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, жастардың стартап жобалары үшін технопарктер мен бизнес-инкубаторлар желісін кеңейту жоспарланып отыр.
«Ең басты міндет – жастардың ғылымнан болашақ көріп, өз идеяларының өңірге қажет екеніне сенімді болуы. Біз әрі қарай да әрбір инновация Ақтөбеде іске асатындай жағдай жасай беретін боламыз», – деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.