Қазақстан кәсіподақ қозғалысының тарихы 1905 жылдан бастау алады. Бүгінде Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы – елдегі ең ірі қоғамдық ұйым, құрамында 3 миллионнан астам мүшесі бар. Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы - 15 салалық, 10 жергілікті және 1177 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін үйлестіріп, 133 мыңнан астам кәсіподақ мүшесінің мүддесін қорғайды.
Бүгін Ақтөбе облысында еңбек адамдары мен кәсіподақ белсенділерінің кәсіби мерекесі – Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті. Биылғы мереке тарихи мәнге ие – еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының (ҚКФ) 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, әлеуметтік әріптестер, салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділері, сондай-ақ жастар қатысты.
Мерекелік шарада құттықтау сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров еңбек адамдары және кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан барша қатысушыға ризашылығын білдірді.
«Кәсіподақ ұйымдары еліміздің қоғамдық өмірінде маңызды орын алады. Олар - еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғап, оның лайықты жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында қызмет етеді. Биыл Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл шешім – еңбек адамдарына көрсетілген зор құрметтің айғағы. Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар» - деп атап өткен болатын. Сіздердей адал азаматтар - еліміздің тірегі, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы», - деді өңір басшысы
Осы күні бірқатар азамат «Еңбек озаты» медалі, ҚКФ Құрмет грамоталары, «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін», «Кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медальдары және «Үздік әлеуметтік әріптес» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімі, Кәсіподақтар Федерациясының және облыстық кәсіподақтар орталығының алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты жиында еңбек озаттары мен кәсіподақ белсенділерінің еңбегі лайықты бағаланып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Мерекелік шара аясында қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары мен «Келешек» жастар кеңесі мүшелерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Кеш соңында «Кәсіподақ әнұраны» шырқалып, қатысушылар бірлескен естелік суретке түсті.