Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жалдамалы тұрғын үй сатып алу мәселесі қаралды.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың мәліметінше, 2025 жылы 253 пәтер сатып алынбақ, оның 190-ы – облыс орталығында.
Баспаналар жаңа, пайдалануға берілгеніне жарты жылдан аспаған тұрғын үйлерден сатып алынады. Бір пәтердің орташа бағасы шамамен 19 млн теңге. Қаржыландырудың 70%-ы - республикалық бюджеттен, 30%-ы - облыстық бюджеттен бөлінеді.
Бүгінгі күні аудандарда 11 пәтердің құрылысы аяқталды, олардың ішінде Әйтеке би ауданында – 3, Мәртөк ауданында – 6, Ырғыз ауданында – 2 пәтер. Бұл нысандар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Сонымен қатар, жеке инвесторларды тарту арқылы қалған 242 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Олардың құрылысы қараша–желтоқсан айларында аяқталады деп күтілуде.
«Бұдан бөлек, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару есебінен тағы 557 пәтер сатып алу көзделген. Оларды іске асыру үшін облыстық бюджеттен қосымша 2,1 млрд теңге тең қаржыландыру қажет болады. 557 пәтердің құрылысы басталып кетті, үйлер биылғы жылдың соңына дейін тапсырылмақ», – деді Е. Муздыбаев.
Жалпы, 2025 жылы Ақтөбе облысында әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 810 жалдамалы пәтер сатып алынады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен және облигациялық қарыздар есебінен 11,7 млрд теңге қарастырылған.
Облыс әкімі Асхат Шахаров қала және аудан әкімдіктеріне бөлінген қаражатты уақытылы игеруді, сондай-ақ конкурстардан бастап мемлекеттік сатып алулар мен тұрғын үйді қабылдау актілеріне дейінгі барлық рәсімдерді жеделдетуді тапсырды.
«Мәселе ең өзекті салалардың бірі – әлеуметтік осал азаматтарды баспанамен қамтуға қатысты. Сондықтан әкімдерге бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Құрылыстың мерзімі мен сапасы мінсіз орындалуы тиіс. Жылдар бойы өз баспанасын күткен жандар қандай да бір мәселелерге немесе мердігерлерге жосықсыз жұмысына тап болмауы қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.