Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Хазірет ауылында газ құбыры іске қосылды.
Хазірет ауылдық округі облыс орталығынан 70 шақырым, аудан орталығынан 150 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 45 мыңнан астам гектарды құрайтын округке Хазірет пен 10 шақырым қашықтықтағы Жездібай елді мекендері кіреді. Мұнда қазіргі таңда 118 үй, 376 тұрғын бар.
Жоба аясында «Алихан ойл З» ЖШС мердігер компаниясы 47,8 шақырымдық жеткізуші және ауылішілік газ желісін салды. Жоба ұйымдастырушысы – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.
Газ жүйесін іске қосу салтанатына аудан әкімі Медет Ысқақов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысып, тарихи сәтке куә болды.
Жергілікті халықтың айтуынша, көгілдір отынның келуі тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.