Ақтөбе өңірінде жаңа оқу жылы қарсаңында 15 мыңнан астам оқушы материалдық көмек алды

Ақтөбе өңірінде жаңа оқу жылы қарсаңында 15 мыңнан астам оқушы материалдық көмек алды

Мектепке балаларын дайындау үшін ата-аналардың есепшоттарына 698 млн теңге аударылған — қолдауды оқушылардың 91%-і алып үлгерді.

Ақтөбе облысында әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларды қолдау жұмыстары жалғасуда. Республикалық «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына 698 миллион теңге аударылды. Бұл қаражат мектеп формасын, аяқ киім мен қажетті оқу-құралдарын сатып алуға бағытталған.

Мұндай қолдау өңірдің 15 мыңнан астам оқушысын қамтыды.

Көмек ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім, аз қамтылған отбасы балаларына, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көрсетіледі.

2023 жылдан бастап материалдық көмектің көлемі 2,5 есеге артты — бір балаға бөлінетін қаржы 17 мың теңгеден 46 мың теңгеге дейін көбейді. Бұл отбасылардың жаңа оқу жылына балаларын дайындау мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті.

Құжаттарды қабылдау жалғасуда — биылғы жылдың 25 тамызына дейін барлық мұқтаж отбасы толық көлемде қолдаумен қамтылады.