Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңір үшін стратегиялық маңызға ие тау-кен өндіру өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды. Бұл тақырып бойынша Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қасымхан Мұстапа баяндама жасады.
Ол 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Бұл ретте өнеркәсіп құрылымында тау-кен өндіру саласының үлесі 53%-ды (734 млрд теңге) құрап отыр.
Спикердің айтуынша, тау-кен өндіру саласындағы өсім алты ай ішінде 101,5%-ды құрады. Өңірдн жер қойнауын пайдалануға қатысты жалпы сомасы 559 млрд теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 1 600-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында: құны 65 млрд теңгені құрайтын «Болашақ» шахтасының екінші кезеңі, жылына 1,6 млн тонна хром рудасын өндіру көзделген KazGeorud компаниясының жалпы инвестиция көлемі 280 млрд теңгені құрайтын, жылына 1,2 млн тонна мыс рудасын өндіруге қауқарлы «Лиманное» кен орнын игеру жобасы, AltynEx Production компаниясының «Юбилейное» кен орнында 207 млрд теңгеге тау-кен-металлургиялық комбинат салу жобасы, сондай-ақ WestGoldMiningLimited компаниясының «Косколь-1» кен орнында жылына 300 мың тонна өңдеу қуаты бар, 7 млрд теңгеге алтын байыту фабрикасын салу жобасы бар.
Баяндамашыны тыңдап болған соң, облыс әкімі өңір үшін тау-кен өнеркәсібін дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.
«Бұл жай ғана экономиканың бір саласы емес, бұл – өсім, жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылым және жалпы тұрақтылықтың көзі. Біз инвестор тарту шараларын күшейтуге, тек қазумен шектелмей, өңдеуді де дамытуға, жергілікті өндірушілерді қолдауға және экологиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауға міндеттіміз», – деп атап өтті өңір басшысы.
Әкім кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті үлесті арттыру бойынша нақты жоспар әзірлеуді, тау-кен кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуді тапсырды.