Ақтөбе облысында жазғы демалыстың ұйымдастырылуы

Ақтөбе облысында жазғы демалыстың ұйымдастырылуы

Жазғы демалыс – балалар үшін тек тынығу уақыты ғана емес, сонымен қатар олардың дамуына, шығармашылығын арттыруға, жаңа дағдылар игеруге зор мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осы орайда Ақтөбе облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға кешенді түрде көңіл бөлініп отыр.

Облыстық білім басқармасы 10 мемлекеттік органмен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Сонымен қатар, ведомствоаралық штаб құрылып, өткен жылдың тәжірибесіне сүйене отырып, нақты жұмыс алгоритмі жасалды. Лагерь қызметкерлерін даярлау, демалыс нысандарын қабылдау кестесі де алдын ала бекітілді.

Өңірде 1-10 сынып аралығындағы 174 959 оқушының жазғы кезеңде 291 497 қатысуы жоспарланған. Бұл бір баланың бірнеше бағыттағы шараларға қатысуы есебінен. Жалпы, жазғы демалыс кезеңінде 171 809 бала бір қызмет түрімен қамтылады. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 228,1 млн теңге бөлінген.

Облыста 7 (2 мемлекеттік, 5 жекеменшік) қала сыртындағы сауықтыру орталығы, 699 мектеп жанындағы лагерь (оның ішінде 305-і тамақпен қамтылған, 394-і бейінді лагерь), сондай-ақ 49 қосымша білім беру ұйымы жанындағы жазғы алаң жұмыс істеуде.

Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан  балалардың  98%-ы жазғы демалыспен тегін толық қамтылады.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында биыл 395 ауыл баласы «Әсем», «Campit», «Шұғыла» лагерьлерінде демалады.

Жаз бойы тек тынығу емес, болашақ мамандықты тануға да көңіл бөлінуде. «SKILLS CAMP» жобасы аясында колледждер базасында 1500 оқушы кәсіптік бағытта білім алуда.  Екінші кезеңінде тағы 1500 оқушы қамтылады.

Балалардың танымын кеңейтуге бағытталған «ЭКО-ЖАЗ» және «MEDIALAB» жобалары да іске қосылды. Олар экологиялық білім мен сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған. Бүгінде 325 бала бұл жобалармен қамтылып отыр.

Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта облыста «ҚАУІПСІЗ ДЕМАЛЫС» акциясы бастау алып, лагерлерде өрт қауіпсіздігі, жол жүру, судағы қауіпсіздік сынды бағыттарда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбе облысында балалардың жазғы демалысы жан-жақты, мазмұнды және қауіпсіз түрде ұйымдастырылуда. Басымдық – балалардың уақытын тиімді өткізу, шығармашылық, танымдық және әлеуметтік әлеуетін дамыту. Білім басқармасы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, барлық балаларға қолжетімді әрі сапалы демалыс ұйымдастыруды басты мақсат ретінде айқындап отыр.