Облыс әкімі өңірдің бетке ұстар дарынды балаларымен кездесті

Облыс әкімі өңірдің бетке ұстар дарынды балаларымен кездесті


Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында өңір басшысы республикалық және халықаралық деңгейде аймақтың намысын қорғап жүрген дарынды оқушылармен кездесу өткізді.

Жүздесу бейресми, ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Жиынға аймақтың үздік 40 оқушысы қатысты. Олардың әрқайсысы білімі мен еңбекқорлығының арқасында түрлі деңгейдегі зияткерлік жарыстарда лайықты жеңістерге қол жеткізген озаттар. Бұл - балалар аймақтың нағыз мақтаныштары және өз қатарластары үшін үлгі.

Асхат Шахаров басқосу барысында әр оқушының аймақ беделіне қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.

«Жеткен жетістіктеріңіз - сіздердің ғана емес, ұстаздар, ата-аналар және бүкіл білім беру жүйесінің орасан зор жұмысының нәтижесі. Біліміңіз бен мақсаттылығыңыздың арқасында Ақтөбе облысы республикалық және халықаралық аренада көшбасшы орын алады. Біз сіздермен мақтанамыз!», - деді аймақ басшысы.

Бүгінде өңірдің жас дарындары түрлі беделді алаңдарда өздерін сенімді түрде көрсете алады. Бір ғана республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 35 жүлделі орынға ие болды, ал аймақ тобы «Үздік олимпиада командасы» мәртебесін алды.

Соңғы екі жылда 34 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Бразилиядағы Халықаралық Менделеев олимпиадасындағы Данияр Базарбай мен Аңсар Жақсылықовтың күміс жүлдесі, сондай-ақ Ирандағы халықаралық физикалық Олимпиададағы (IPhO-2024) Артур Кимнің жеңісі тарихи болды. Бұл - 10 жылдағы алғашқы медаль.

Аталған нәтижелер балалардың талантын ғана емес, сонымен қатар жоғары дайындық деңгейі мен білім беру жүйесіндегі жүйелі қолдаудың бар екенін көрсетеді. 

Өңір басшысымен әңгімелесуде оқушылар өздерінің жетістікке жету жолдарымен бөлісіп, маңызды тақырыптарға қатысты жеке көзқарастарын білдірді.

Комсомол орта мектебінің оныншы сынып оқушысы Карина Ткачук қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді.  Ол орыс тілінде білім ала жүріп, қазақ тілі бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері атанды. Болашақта мемлекеттік тілде цифрлық ресурстарды дамытуды армандайды.

«Қазақ тілі - менің сүйікті пәнім, ол менің білімге, мәдениетке және өнерге деген қызығушылығымды оятты. Мен «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімі болуды және мемлекеттік тілде цифрлық білім беру құралдарын құруды армандаймын. Қазақ тілі қазіргі заманғы технологиялар әлемінде  өзге тілдермен тең дәрежеде болғанын қалаймын», - деді ол.

Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Арай Сағиданова зияткерлік сайыстарға қатысу оның өмір мектебіне айналғанын айтты.

«Мен жоспарлауды, өзіме сенуді және қиындықтарға қарамастан алға ұмтылуды үйрендім. Бұл менің білімімді кеңейтіп қана қоймай, сенімділік пен тәртіпті қалыптастыруға көмектескен алғашқы маңызды қадамым болды. Алда мені одан да үлкен шыңдар күтіп тұрғанын мен жақсы білемін!», - деді сенімді түрде.

Оқушылар облыс әкіміне болашаққа және мамандық таңдауға қатысты сұрақтарын қойды. Асхат Шахаров білімге ұмтылудың маңызын атап өтіп, IT, медицина, инженерия, экология, педагогика және қазіргі әлемде сұранысқа ие басқа да бірқатар негізгі бағыттар жайлы айтып берді. 

«Қызығушылықты бағамдап үйрену керек және оқудан ешқашан қорықпаңыздар. Алған білімдеріңіз, дамуға деген ұмтылыстарыңыз -  аймақ пен елдің табысты болашағының кілті. Ал біз, сіздердің әлеуеттеріңізді толықтай ашу үшін барлық жағдайды жасаймыз», - деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров жас әрі озат буынға жаңа жетістіктер тілеп, жергілікті биліктің ғылым мен білім беруде дамытуды жалғастыруға әзір екендігін алға тартты.