Жаңажылдық ауысымда жедел жәрдем бригадалары шамамен 1000 шақырту қабылдады

Жаңажылдық ауысымда жедел жәрдем бригадалары шамамен 1000 шақырту қабылдады

Мерекелік кезекшілікте «103» диспетчерлері ақтөбеліктерден 964 өтініш қабылдады. Оның 281-ін балалар бригадалары орындады. Жалпы, жедел жәрдем қызметінде демалыс күндері кезекшілікке шамамен 180 қызметкер жұмыс істейді.

Жаңа жыл түнінде Көпсалалы облыстық ауруханаға 35 науқас жатқызылды. Ал травматологиялық пунктке 61 ақтөбелік жүгінді. Пиротехникадан жарақаттанғандар тіркелген жоқ.

Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының мамандары 102 балаға көмек көрсетті. Кейбір балаларда жабық бас-ми жарақаты анықталса, енді бірінің мұрнынан бөгде заттар алынған. Басқа балалар ауруханаға негізінен тыныс жолдары мен ас қорыту жүйесінің ауруларымен жатқызылды.

«Жаңа жыл мерекесі аясында күні бойы емдеу мекемелерін аралап шықтық. Бәрі де штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Жедел жәрдем станциясына 1000-ға жуық шақыру түскен. Тұрғындарға жедел көмек көрсетілді. Ауысымда болған 54 бригада және 17 диспетчер сол шақыртуларды қабылдап, уақытылы көмек берді. Қалған 4 күнде де біздің стационарлар да, емханалар да, бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, штаттық режімде әрі қарай жұмысын жалғастырады.

Сондай-ақ, түнгі сағат 12-ден бастап таңғы сағат 10-ға дейін облысымызда 14 бала дүниеге келді. Сәбилердің жағдайлары жақсы. 2-3 күннен кейін стационардан үйлеріне шығады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев.