Ералы Тоғжанов балалар ауруханасының кішкентай емделушілерін мейрамымен құттықтады

Ералы Тоғжанов балалар ауруханасының кішкентай емделушілерін мейрамымен құттықтады

Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстық көпбейінді балалар ауруханасында болып, медициналық мекеме бөлімшелерінің жұмысымен танысты.

Балалар көпбейінді ауруханасы заманауи емдеу-диагностикалық кешенімен жабдықталған. Мұнда компьютерлік томограф, хирургиялық операциялар жасауға арналған бейнеэндоскопиялық кешен және тағы басқа медициналық құрал-жабдықтар орнатылған.

Аталған медициналық аппараттар ең заманауи нейрохирургиялық операциялар мен жаңа туған нәрестелердегі туа біткен ақауларға арналған операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Кішкентай емделушілер үшін дәретханалары мен жуынуға арналған бөлмелері бар жеке палаталар қарастырылған.

2023 жылдың наурыз айынан бастап жаңа консультативтік-диагностикалық, неврологиялық және 15 орындық онкогематология бөлімшелері жұмыс істейтін бас ғимаратқа жалғай салынған қосымша корпус пайдалануға берілді.
Дәрігерлер облыс әкіміне онкогематологиялық аурулармен ауыратын балаларды ауруханаға жатқызуда мәселелердің жоқтығын, оларды емдеуге төсек-орын жеткілікті екенін айтты.

Өңір басшысы балалардың ата-аналарымен әңгімелесіп, балаларды қорғау күнімен құттықтады.

«Жаздың бірінші күніне сәйкес келетін мерекені барлық балалар тағатсыздана күтеді. Ата-ана үшін ең басты мақсат - дені сау және білімді ұрпақ тәрбиелеу. Әрқайсыңызға бақытты балалық шақ, мықты денсаулық және оқуда озат болуды тілеймін! Біз сендердің жан-жақты дамып, таланттарың мен қабілеттеріңді толықтай ашуға барлық жағдай жасаймыз және бұл үшін барлық қажетті қолдауды көрсетеміз», - деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Балаларды қорғау күніне орай кішкентай ақтөбеліктерге сыйлықтар табысталды.