«Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы өтті

«Мемлекеттік тіл – менің тілім»  байқауы өтті

Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастары жарысты
Ақтөбеде «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» үйінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы өтті.
Шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облыстық ұйымы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Мақсат — жастардың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастыру, мемлекеттік жастар саясатын насихаттау, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгерген белсенді жастарды ынталандыру масқатында өткізілді. Байқауға мемлекеттік тілді меңгерген 18-30 жас аралығындағы өзге ұлт жастары қатысты. Оның ішінде мектеп мұғалімдері мен оқушылары, жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері, мемлекеттік мекемедегі қызметкерлер және ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін жастар бар. Барлығы 23 адам бақ сынады. Орыс, украин, кәріс, беларусь, өзбек тататар және шешен ұлтының жастары қазақ тілінде ән шырқап, өздерін таныстырып, яғни байқаудың шарттарын түгел орындады. Нәтижесінде бас жүлдені Қобда ауданынан келген мұғалім Милана Хаджиева жеңіп алды. Ал бірінші орынды Алға ауданы Тоқмансай ауылынан келген ұлты неміс Диана Есенкелдина ұтып алса, екінші орынды Алға ауданы Маржанбұлақ ауылынан келген амбулаторияда жұмыс істейтін украин қызы Анюта Трегуб, ал үшінші орынды С. Бәйішев атындағы медициналық колледж оқушысы, татар қызы Любовь Виталина иеленді. Байқауда барлығы сыйлықсыз қалмады. Бірінші орынға 100 мың теңге берілсе, екінші орын-70, үшінші орын иегері 60 мың теңге алды. Ал өзге қатысушылар мен жеңімпаздарға қала әкімінің атынан кітап сыйға берілді.
Байқауға қатысушылар ішінде Ақтөбе қаласының Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығының "Аяла" оңалту филиалының невролог дәрігері, татар қызы Дарья Булыгина "Көрермендер ықыласы" жүлдесіне ие болды. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы "Дайдидау" әнін шырқап көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болды. Сондай-ақ байқауға қатысқан
қаладағы 5 емхана дәрігері, хирург Елена Калиниченко, 6 емхана қызметкері Ақлима Мұратбекова секілді медицина мамандары да жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының құрамында "Сенім" медицина қызметкерлері кәсіподағының жетекшісі Қайрат Сабыр, облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық кадр бөлімінің жетекшісі Гүлбаршын Есенбаева болды. Қазылар алқасы жастарға сәттілік тіледі.