Алға ауданының Самбай ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Алға ауданының Самбай ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Алға ауданына жұмыс сапары барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Самбай ауылының Қарағаш ауылдық округінде өңір басшысы дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты. Жаңа медициналық мекеме ғимаратының жалпы ауданы – 400 шаршы метр. Амбулатория бір ауысымда 40 адамды қабылдауға қауқарлы. Нысанды салуға және жарақтандыруға мемлекет 136 млн. теңге бағыттады.

Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде ауылдық аумақтарды дамыту, сапасын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру, медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Сапалы медициналық көмек көрсету үшін Хромтау, Мұғалжар және Шалқар ауруханаларын заманауи жабдықтармен қамтуды жоспарлап отырмыз. Олар ауданаралық деңгейде болады. 29 ауылда заманауи медициналық мекемелер салынады.

«134 ауылдық округ «фельдшер сөмкелерімен» қамтамасыз етіледі. Бұл арнайы планшеттен және сегіз түрлі анализатордан тұратын инновациялық портативті медициналық жабдық, оның көмегімен пациенттің орналасқан жерінде электрокардиограмма, спирометрия, жалпы және кеңейтілген қан анализі сияқты зерттеулер жүргізуге болады. Диагноз қою, одан әрі емдеу тактикасын анықтау үшін барлық деректер дереу қашықтықтағы білікті дәрігерлерге жіберіледі. Сіздің округіңізде 1500-ден астам адам тұрады, амбулатория да жобаға кіруі тиіс»,-деп облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшылығына ауылдық амбулаториялардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесін қарауды тапсырды.

Бестамақ ауылында облыс әкімі 2010 жылдан бастап білікті діни қызметкерлер мен дінтанушыларды дайындайтын медресе-колледж жұмысымен танысты. Оқу орны теологиялық бағыттағы пәндерді ғана емес, сонымен қатар зайырлы пәндер бойынша да оқытады, бұл түлектерге жоғары оқу орындарында әртүрлі мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мұнда Қостанай, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан келген 174 студент оқиды. Медресе-колледжде 200 орындық жатақхана бар. 2020 жылы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын жаңа оқу ғимараты және заманауи спорт кешені салынды.

«Ақтөбе – Қандыағаш» тас жолында облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарының сапасын тексеріп, мердігер компаниялармен жұмыс отырысын өткізді.

Алға қаласында өңір басшысы былтыр қазан айында ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» барды. Бүгінде мұнда келетін 150-ге жуық зейнеткер бос уақыттарында үстел теннисін ойнап, фитнеспен айналысып, ағылшын тілін үйрене алады. Орталықтың негізгі мақсаты – аға буынға психикалық және физикалық тұрғыда денсаулықты сақтауға көмектесу, әлеуметтік белсенділікті сақтау үшін жағдай жасау.

«Адамдар бізге әлеуметтену және сауықтыру мәселелерімен көмектесуге келеді. Мұнда олар өздерінің саналарын қайта форматтай алады, тіпті қартайған шағында да тағдырдың барлық қиындықтары мен бұрылыстарына төтеп бере алады. Сонымен қатар біз оларға өскелең ұрпақ өкілдерімен қарым-қатынас орнатуға көмектесеміз. Бұл тәжірибе өзара рухани байытуға алып келеді», - деді орталық басшысы Бақыт Ерғалиева.

Содан соң, Ералы Тоғжанов «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған бес қабатты жалға берілетін коммуналдық үйге барды. Пәтерлер аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған 60 отбасы арасында бөлінген. Таужібек Шиманова отбасымен бірге биылғы ақпан айында жаңа үш бөлмелі пәтеріне көшіп келді.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі