Батыс Қазақстан медицина университетін 65 жылда 30 мыңнан астам дәрігер бітіріп шыққан

Батыс Қазақстан медицина университетін  65 жылда 30 мыңнан астам дәрігер бітіріп шыққан

 Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті биыл 65 жылдық мерейтойын атап өтуде.
 
Осыған байланысты Ақтөбеде «Медицина іліміндегі инновация» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
 
Конференция аясында өткен салтанатты шараға бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, облыс әкімі Ералы Тоғжанов, медицина қайраткерлері қатысты.
 
Облыс әкімі құттықтау сөзінде БҚМУ өзінің 65 жылдық тарихында медициналық білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының арасында лайықты орын алатынын, ал оның түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға атсалысып жүргендерін атап өтті.
 
«Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн екендігін атап өтті. 65 жылдың ішінде Батыс Қазақстан медицина университетін 30 мыңнан астам дәрігер бітіріп шықты. Бүгінде жоғары санаттағы ұстаздар мен ға¬лымдар топтас¬қан, материал¬дық техни¬калық базасы мығым университетте атқарылып жатқан істердің ау¬қымы аз емес. Биылғы жылы университет түлектерінің 97,5% жұмыспен қамтылған. Бұл еңбек нарығында медицина мамандарының үлкен сұранысқа ие екендігін көрсетеді. Оқу орнын тәмамдаған түлектердің көпшілігі әлемдік деңгейдегі білікті мамандарға айналып, биік белестерді бағындырып жүр», — деп атап өтті облыс әкімі.
 
Өңір басшысы денсаулық сақтау саласын және медицина университетін дамыту мақсатында алдағы жылдары атқарылатын жұмыс жоспарларын қысқаша айтып берді.
 
Магистратура мен резидентура бағдарламаларына бөлінетін грант санын көбейту, ЖОО базасында медициналық кластерді дамыту, онкология ауруларын алдын ала анықтау және емдеуге арналған позитронды-эмиссионды томография орталығы мен циклотронды кешен ашу, 2023 жылы ЖОО базасында жаңа ғылыми зертхана салу және медициналық орталықтарының ғимараттарын қайта жаңарту, QS рейтингіне кіретін Ұлыбритания, Түркия, Литва, Оңтүстік Кореяның үздік университеттерімен 2 дипломдық білім беру жүйесін ендіру бойынша келісімдерге келу және т.б.
 
Жоғары оқу орнының қызметіне БҚМУ түлегі, қазіргі Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жоғары бағасын берді.
 
«Осы жылдар аралығында университет тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де ғылыми мектептердің қалыптасуына үлес қосты. Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов білім ордасының бүкіл әлем танитын үздік түлектері туралы көп айтты. Олардың қатарында әлемнің түпкір-түпкірінде маман дайындап жүрген нейрохирург, хирург, трансплантологтар бар. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан медицина университеті бакалавриат, резидентура, магистратура, докторантура бойынша медициналық кадрлар даярлайды. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі университеттермен де ынтымақтастығы жоғары. Аурудың алдын алу және емдеудің инновациялық технологияларын әзірлеп, тәжірибеде қолданады», — деді министр.
 
Университеттің бірқатар қызметкері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградаларымен, «Шапағат» медалімен және «Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
 
Серік Ақшолақов, Ажар Ғиният, Раиса Күзденбаева, Жақсылық Досқалиев, Ғалымжан Елеуов секілді оқу ордасының белгілі түлектеріне «Университет мақтанышы» медалі табысталды.
 
Үшкүндік ғылыми-тәжірибелік конференция 2 желтоқсанда аяқталады. Оның аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, облыстағы ірі клиникалардың базасында инновациялық технологияларды қолдану арқылы хирургия бойынша тәжірибелік шеберлік сабақтары өткізілуде. Қазақстан мен Ресейдің жетекші хирургтары өз тәжірибелерімен бөлісіп, 30-дан астам операция жасайды.