Қазақстанда қазір КВИ бойынша жағдай оптимистік сценарийге сәйкес өтуде - А. Цой

Қазақстанда қазір КВИ бойынша жағдай оптимистік сценарийге сәйкес өтуде - А. Цой

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында Қазақстан Республикасындағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

10 маусымдағы мәлімет бойынша ҚР-да 397 976 науқас Covid-19 жұқтырғаны анықталды және 55 999 КВИ- жағдайы тіркелген. Осы жылдың 6 маусымынан бастап еліміз жасыл аймаққа ауысты. Қызыл аймақта Нұр-Сұлтан қаласы қалды. Сары аймақта 6 өңір бар: Алматы қаласы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары. Жасыл аймақта 10 өңір тұр.

Жалпы республика бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны азайып келеді.
"Соңғы аптада КВИ анықталғандар 11 мыңнан 8 мыңға дейін немесе өткен аптамен салыстырғанда 1,3 есе азайды. Мамырдан бастап ауру 2,1 есеге төмендеді", - деді А.Цой.
10 маусымдағы жағдай бойынша Республикамыздағы инфекциялық төсектердің 24%-ында, реанимациялық төсектердің 21%-ында науқас жатыр.

Өңірлерде инфекциялық төсектердің, оның ішінде Алматы қаласында - 4 есе, Ақтөбе облысында - 3 есе, Алматы облысында - 2,5 есе, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында - 2 есе азайғаны байқалады.

Соңғы айда емделіп жатқан науқастар саны 20 мыңға немесе 2 есеге азайды. Өңірлерде КВИ жұқтырғандар үшін қосымша ашылған ауруханалар кезең-кезеңімен қысқартыла бастады. Мәселен, Нұр-Сұлтанда 330 төсектік 4 стационар, Алматыда 2 мыңға жуық төсектік 11 стационар жабылды.

Сонымен қатар, халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау жалғасуда.

"Бүгінгі таңда вакцинаның шамамен 3,6 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1 компонентпен 2 371 178 адам егілді, бұл тиісті халықтың 24%-ын құрайды. Екінші компонентпен 1 264 247 адам қамтылды. Егу пункттерінде вакцина дозаларының саны жеткілікті: бірінші компоненттің шамамен 1,2 млн дозасы және екінші компоненттің 835 мың дозасы бар. Вакцинаны жеткізу жалғасуда. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындар арасында вакцинацияны және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруы қажет", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Жалпы, қазіргі уақытта республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Қазақстан сары аймақтан жасыл аймаққа ауысты, болжам бойынша ауру оптимистік сценарийге сәйкес өтуде.