Ковидтің қаупі сақталады, демалуға болмайды

Ковидтің қаупі сақталады, демалуға болмайды


Оңдасын Оразалин: Covid-19 қаупі әлі сейілген жоқ, арқаны кеңге салуға болмайды.

Өңір басшысы Оңдасын Оразалинның төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай сұрақтары қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Оның сөзінше 6 қазаннан бастап «Жайсаң» және «Әлімбет» көлік бекеттері, әуе қатынасы арқылы 65 мыңнан астам адам келіп, олардың 5892-сінде ПТР тестінің нәтижесі болмай, карантиндік стационарлаға жатқызылған. 47 адамнан коронавирус індеті анықталды.
КВИ-дің болуы мүмкін екінші толқынына дайындалу мақсатында өңірде барлық шаралар қабылданды: қажет боллған жағдайда кереует орны 445-тен 3603-ке дейін артатын болады, 2895 орын немесе  80,3%-ы оттегімен қамтылған. Медициналық мекемелерде 21 стационарлық рентген аппараты орнатылып, өкпені жасанды желдететін 367 аппарат, 582 оттегі концентраты, 626 оттегі баллондары, 787 Бобров аппараты мен 461 оттегі жастықтары бар. Жедел жәрдем бекеті мен емдеу мекемелерінің автопаркі 41 санитарлық машинамен толықты, 6 мобильді диагностикалық кешен сатып алынды, дәрілік және жеке қорғаныс заттарының  екі айлық кешені жасақталды.
Бүгінде 47 бақылау тобы 29200 нысанды қамтып, 9195 рейд жүргізді, 1842 адам әкімшілік жазаға тартылып, 177,6 млн. теңгеге айыппұл салынды.
Жиын соңында облыс әкімі: «Біздің облыс «жасыл аймақта» тұр, бірақ, өңірдегі тұрақты жағдайға қарамастан, коронавирус инфекциясының көрші облыстар мен Ресей Федерациясынан келу қаупі бар. Оның үстіне біздің өңір арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. Covid-19 қаупі әлі сейілген жоқ, сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. Коронавирус инфекциясына қарсы екпеге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бірінші кезеңде біздің облыста медициналық қызметкерлерді, мұғалімдерді, күштік құрылым қызметкерлерін қосқанда тұрғындардың ауруға тез шалдығатын тобын, яғни жалпы алғанда 150 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бақылау топтары өз жұмыстарын жалғастырулары керек»,- деп тапсырды.