
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Мәртөк ауылына барып, аудандық аурухананың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.
Медициналық мекемедегі стационар мен емхана 97 орынға шақталған. Мұнда хирургия, травматология және гинекология бөлімдері жұмыс істейді, олар аудан тұрғындарына шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді.
Ауруханада 53 дәрігер, 172 орта буын медицина және 55 кіші буын қызметкері еңбек етеді. Соңғы жылдары жас мамандарды тарту есебінен кадрлық әлеует нығайып келеді.
Бас дәрігер Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша, 2025 жылы аудандық ауруханаға екі жас маман – жалпы тәжірибе дәрігері мен акушер-гинеколог жұмысқа келген. Оларға 100 АЕК көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілді, сондай-ақ тағы үш маманға 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген.
2023 және 2025 жылдары ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті мен шатыры жаңартылды, ішкі бөлмелер мен инженерлік желілер ретке келтірілді. Сыртқы коммуникациялар мен өрт гидранттары да жаңартылды.
Жалпы, медициналық мекеме кезең-кезеңімен материалдық базасын нығайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.
Былтыр хирургия бөлімі үшін заманауи 3D-лапароскопиялық жабдық сатып алынып, оның көмегімен 37 операция жасалды.
«Лапароскопиялық аппарат құрсақ қуысы ағзалары және гинекология саласында операциялар жасауға арналған. 3D-визуализацияның арқасында біз күрделі операцияларды науқастарды облыс орталығына жібермей-ақ орындай аламыз. Бүгінде хирургиялық көмектің басым бөлігі аудан деңгейінде көрсетіледі», – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев.
Осылайша, аудандық аурухана біртіндеп жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету деңгейіне көтерілуде. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін маңызды, өйткені енді олар күрделі емді қалаға бармай-ақ ала алады.
Облыс әкімі аудандық аурухананың мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға және өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің міндетіміз – ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметті өз жерінде, облыс орталықтарына бармай-ақ алуына жағдай жасау. Осы мақсатта аудандық ауруханалардың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылып, заманауи технологиялар мен емдеу әдістері енгізілуде. Кадрлық қамтамасыз ету де маңызды рөл атқарады. Жас мамандарды тарту кадр тапшылығын жоюмен қатар, аудандағы медициналық көмектің жалпы деңгейін арттырады», – деді Асхат Шахаров.