
Облыс әкімі сапары барысында білім беру нысандары мен ауыл инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне баса назар аударды.
Сарыжар ауылында өңір басшысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектепті аралап көрді. 300 орындық білім ордасы 2025 жылы пайдалануға берілген.
Асхат Шахаров оқу кабинеттері мен шеберханалардың жабдықталуын қарап, оқу жағдайымен танысып, оқушылармен әңгімелесті. Ол өңірде білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 14 жаңа мектеп салынды. Нәтижесінде 10 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Бұл мектеп орындарының тапшылығын жойып, балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы мектептер тиімді оқу мен жан-жақты даму үшін барлық қажетті құралмен қамтамасыз етілген. Мұндай жағдайлардың ауылдық елді мекендерде жасалуы қала мен ауыл арасындағы білім беруді теңестіруге мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Асхат Шахаров ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың пікірін тыңдады. Тұрғындар балалардың жаңа жағдайда білім алып жатқанына және мектеп аумағының абаттандырылғанына ризашылықтарын білдірді.
Білім саласының ардагері Смағұл Қапаш жаңа мектептің ашылуы ауыл үшін маңызды оқиға екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұрын ауыл мектептерінде мұндай жағдай болмаған.
«Мен өзім мектепте мұғалім болып жұмыс істедім, Ырғыз ауданының Тәуіп ауылында тұрдым. Тоғыз жыл бұрын Сарыжарға көшіп келдім. Біздің уақытта ауыл мектептерінде мұндай жағдай болған жоқ: заманауи кабинеттер де, жақсы құрал-жабдықтар да, кең сыныптар да болмады. Бүгінде балалар мен немерелеріміз осындай жағдайда білім алып, жаңа технологияларды меңгеріп, робототехникамен айналысып жатыр. Қазір көптеген ауылда жаңа мектептер салынып, медициналық пункттер мен мәдениет үйлері ашылуда. Жолдар жөнделіп, газ бен су тартылған. Бұл ауыл өмірінің тартымдылығын арттырады», – деді ақсақал.
Одан кейін Асхат Шахаров Кеңсахара ауылына барып, су құбыры мен мектеп құрылысының барысымен танысты. Мұнда ұзындығы 7 шақырымды құрайтын су құбыры желілерін жаңғырту жобасы іске асырылып жатыр. Жоба 680 тұрғынды сумен қамтамасыз етуге арналған.
Мердігер ұйым – «Элитстройсервис» ЖШС өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталып, 2027 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарланған. Жоба аясында су сақтау резервуарлары салынып, сумен жабдықтау желілері жаңартылады.
Облыс әкімі жобаның мерзімінде әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ ауылдарды негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
«Ауылдарда өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасалуда. Газдандыру жүргізіліп, жолдар салынып, сумен қамту мәселелері шешіліп жатыр. Қазіргі таңда өңірдегі газдандыру деңгейі шамамен 95%-ға жетті. Алдағы уақытта бұл жұмыс толық аяқталады. Тағы 20-дан астам елді мекенде инфрақұрылымды толық жеткізу қажет. Біз алдағы екі жыл ішінде бұл мәселелерді толық шешуді жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі.
Асхат Шахаровтың сөзінше, ауыл инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат бөлініп, коммуналдық желілерді жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сапасын жақсартып, ауылдардың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Кеңсахара ауылында облыс әкімі 100 орындық жаңа мектептің құрылысымен де танысты. Нысанның мердігері – «Номад Құрылыс» ЖШС. Мектепті осы жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, нысанның дайындық деңгейі шамамен 70%.
Өңір басшысы құрылыс барысымен танысып, нысанды сапалы әрі мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын сөз етті. Ол әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әсіресе білім беру саласы басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.