Ақтөбе облысында заңсыз активтер есебінен салынған жаңа медпункт пайдалануға берілді

Ақтөбе облысында заңсыз активтер есебінен салынған жаңа медпункт пайдалануға берілді

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Тоғыз ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Енді ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінде ала алады.

Бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған нысан – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі. Ерекше атап өтерлігі, медициналық пункт Президенттің тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қайтарылған активтер есебінен салынды.

Құрылыс екі кезеңде жүзеге асырылды. Алғашқы кезеңде ғимарат бой көтеріп, оған облыстық бюджеттен 10,3 млн теңге және Арнайы мемлекеттік қордан 97,8 млн теңге бөлінді. Жобаны «Каз Элит Строй Сервис» ЖШС жүзеге асырып, жалпы құны 131,9 млн теңгені құрайтын жұмыстар толық аяқталды.

️Екінші кезеңде нысанды толық іске қосу үшін сыртқы инженерлік желілер тартылды. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 20 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, нәтижесінде медициналық пункт қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Жанболат Жидеханов қатысып, жобаның маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтер халық игілігіне бағытталуда. Бүгінгі медициналық пункт – соның нақты нәтижесі. Бұл ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмектің кепілі», – деді аудан әкімі.

Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті толық көлемде көрсетуге мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғыны, медицина саласының ардагері Қаламқас Жұмашева бұл күнді көптен күткенін айтады.

«40 жылдан астам уақыт медициналық пункттің өз ғимараты болған жоқ. Бұл – ауыл үшін үлкен қуаныш», – деді ол.

Тоғыз ауылындағы жаңа медициналық пункт – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Енді тұрғындар медициналық көмекті дер кезінде, өз ауылында ала алады.